Биыл талапкерлерге қандай мамандықты таңдаған дұрыс

Almaty.tv
Almaty.tv
Биылғы талапкерлер үшін 275 инновациялық мамандық ұсынылды
Жаңалықтармен бөлісіңіз

БҒМ-ның ақпараты бойынша жоғары оқу орындарында 3 мыңдай  жаңа бағдарлама пайда болды, деп хабарлайды Almaty.tv тілшісі.

Биылғы талапкерлер үшін 275 инновациялық мамандық ұсынылған. Ал кассир, диспетчер, табельші, сметашы сияқты мамандықтар бұдан былай  оқытылмайды.

Нұрай Жұмашова сәулетші болуды армандаған. Мектепті бітіргеннен кейін ол интерьер дизайнері мамандығын меңгеру үшін колледжге түскен. Оған мамандық БИМ-технологияларды енгізумен қызықты болыпты.  

«Осы БИМ бағдарламасы арқылы біз визуализация құра аламыз және ішкі-сыртқы көріністерді сәулеттік құрылыс бойынша, ісбасталмас бұрын қағаз жүзінде көрсетеміз. Сосын құрылысқа жібереміз», – деді колледж студенті Нұрай Жұмашова.

Бүгінгі таңда білім министрлігінің мәліметі бойынша, жоғары оқу орындары 9 мың білім беру бағдарламасы бойынша мамандар даярлайды. Оның ішінде 3 мыңға жуығы жаңа және 275-і инновациялық мамандандық. Олардың көпшілігі үшін елдің білім мекемелерінде арнайы аудиториялар дайындалған. Талапкерлер болашақ мамандығын таңдауда нарық сұранысына көңіл аударатыны белгілі. Сондықтан да бүгінде еліміздің жоғары оқу орындары мен колледждерінің білім беру бағдарламасын әзірлеуге жұмыс берушілер қатысып жатыр.

«Біз жұмыс берушілермен бірге дөңгелек үстел өткізіп, нені алып тастау, нені енгізу керектігін талқыладық. Әрине, мемлекеттік емтиханда жұмыс беруші оның сұранысқа қаншалықты ие түлек екенін көреді. Қорғағаннан кейін оларды дереу өздеріне жұмысқа алады», – деді  Astana polytechnic колледжі директорының ақпараттық технологиялар жөніндегі орынбасары Сергей Клименко.

Бүгінгі таңда мектеп түлектері үшін жаңа мамандықтардың үлкен таңдауы ұсынылған. Олардың ішінде «Жасанды интеллект технологиясы», «Криптология», «IT-құқық», «Мекендеу ортасының дизайны», «Медиадизайн», «Роботтандырылған пилотсыз аппараттар», «IT-менеджмент»,  «цифрлық экономика» және тағы басқалар бар. Сонымен қатар, енді нарыққа қажетсіз болып қалған мамандықтар бойынша оқыту тоқтатылады.

«Талап етілмейтін, еңбек нарығына қажет емес мамандықтарды, біліктіліктерді алып тастау рәсімі бар. Дақ кетіргіш сынды мамандықтар енді даярланбайды», – деді  ҚР БҒМ техникалық және кәсіптік білім департаментінің директоры Нәсімжан Оспанова.

Сондай-ақ белгілі бір мамандықтар бойынша білім беру гранттын бөлу еңбек нарығының қажеттілігіне байланысты жүреді. Биыл еліміздің колледждерінде 125 мыңға жуық грант бөлінді, ал қазақстандық жоғары оқу орындарында 73 мың түлек грант ала алады. Оның ішінде 40 мың орын жаңа мамандықтарды оқытуға арналған.

Асылбек Тойбеков, Нұрлан Өтегенов, «Алматы» телеарнасы, Нұр-Сұлтаннан

Новости партнеров