Шалғайда тұратын студенттер байланыстың нашар болуы себепті оқуды таудың басына шығып оқуға мәжбүр. Себебі ауыл ішіде интернет ұстамайды, деп хабарлайды Almaty.tv тілшісі.
Еліміздегі университеттердің студенттері онлайн оқу жүйесіне көшкеніне бір аптадан асса да, әлі де қиындық көп. Ауылдық жерде тұратындар қалай байланысқа шығып жүр?
Дәл қазір әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университетінің қалашығы студенттерге толы, азан-қазан болып жатуы керек еді. Өздеріңіз көргендей, мұнда қазір ешкім жоқ. Студенттер мерзімінен бұрын ерте демалысқа кетті. Нақтырақ айтсақ, демалыс емес, онлайн оқу жүиесіне көшті. Осы университетте бұл жүйе қаншалықты іске асып жатыр? Бірге білейік.
Нұрлан Наурызалиев Қазақ ұлттық университетінің журналистика факультетінде сабақ береді. Қазір карантинге байланысты кітапханалардың барлығы жабық. Онлайн оқу басталады деген күннен бастап, үйге керекті деген кітаптарын тізіп, жинап қойыпты. Ол қашықтан оқыту қалалық жердің жастары үшін қолайлы болғанмен, шалғай елді мекендегі студенттер үшін үлкен мәселе екенін айтады.
«Өзіме аса қиындық жоқ, технологияны білеміз. Қазір дәрісті осылай өтіп жатырмыз. Аса қиындық жоқ. Сырттан қараған адамға бұл ертегі сияқты болып көрінуі мүмкін, бірақ біз оған үйреніп кеттік. Қиын жағы – ауылда тұратындар үшін қиын. Интернет ұстамайды. Ондай бірді-екілі студент бар», – деді аға оқытушы, әлеуметтік ғылымдарының магистрі Нұрлан НАУРЫЗӘЛИЕВ.
Айтса айтқандай-ақ. Қашықтан оқу жүйесі ауылдық жерде тұратындар үшін шынымен қиын. Байланыс нашар. Ғаламтор жылдамдығы әлсіз. Айтолқын Тұрлығазы Алматы қаласынан 370 шақырым қашықтықта орналасқан Сарытөбе ауылында тұрады. Ол байланыстың нашар болуы кесірінен ауылдағы таудың төбесіне барып, сабақ оқуға мәжбүр. Қаламен байланыстыратын тау да жақын емес. Ауылдан 3 шақырым шалғайда.
Алмабек Ибраимов та қаладан алыс тұрады. Айтолқын секілді қиындыққа тап боларын алдын-ала білген ол жатақханада қалуды шешіпті. Мұндай жүйе оған тиімді екенін айтады. Тіпті, пайдасын да көріп отыр.
«Бастыпқы кезеңде екі-үш күн қиындық болды. Бір-бірімізбен дұрыс байланысқа шыға алмай қиналдық. Кейін үйрендік. Жатақхана 100 пайыз Wi-Fi желісімен қамтылған. Бұл қашықтан оқыту өзімізді дамытуға көмегін тигізіп жатыр. Себебі мен 1 аптаның ішінде 5 кітапты оқып тауыстым», – деді ҚАЗҰУ Журналистика факультетінің 3-курс студенті Алмабек ИБРАИМОВ.
Заманауи технологияға негізделген бағдарлама біреуге кедергі келтірсе, енді бірі пайдасын көріп отыр. Ғаламтор желісінің әлсіз болуына оқу-орындары кінәлі емес. Жергілікті басқару орындары жұмысының салғырттығы себеп болса керек.
Ұлағат Арғын, "Алматы" арнасы