Алматыдағы кейбір ЖОО жаңа оқу жылына дайын болмай шықты

Алматыдағы кейбір ЖОО жаңа оқу жылына дайын болмай шықты
Оқу жылының басталуына аз-ақ уақыт қалса да, Нұр-Мүбәрак университеті тіпті бекітілген ережелермен таныс емес
Жаңалықтармен бөлісіңіз

Алматыдағы жоғары оқу орындарының жаңа оқу жылына дайындық деңгейі нашар деп бағаланып отыр. Арнайы құрылған тексеру тобы кешеден бері 25-тен астам оқу орнын аралады. Анықталған олқылықтар жайлы Almaty.tv тілшісі Жанар Ғаниқызы тарқатсын.

Оқу жылының басталуына аз-ақ уақыт қалса да, Нұр-Мүбәрак университеті тіпті бекітілген ережелермен таныс болмай шықты. Ғимарат талаптарға сай емес. Мекеменің әкімдікке берген ақпарына сәйкес, студенттердің тек 8 пайызы ғана екпе алған. Жауапты маман ақпаратты қате бергенін жеткізді. Ал, Қазақстан инженерлік-технологиялық университетіндегі жағдай анағұрылым жақсы. Мекемеге кіру талаптары ескеріледі. Дәлізде әлеуметтік арақашықтықты сақтауды еске салар жапсырмалар жеткілікті. Алайда оқу корпусындағы жөндеу жұмыстары әлі аяқталмапты. Бір қызығы, мекеменің әкімдікке берген ақпараты бойынша, 2 мың 113 студенті бар университетте бар-жоғы 69 адам жұмыс істейді деп көрсетілген. Мұндай қулыққа барған қызмкетерлер екпе салғызудың жоғары пайыздық мөлшерін көрсеткісі келген деп топшылады тексеріс тобы. Анықталғандай, онда тек штаттық режимде жұмыс істейтін оқытушылар ғана көрсетіліпті. Әкімшілік қызметкерлері мен өзге де оқытушылар ескерусіз қалған.

Ал, Алматы менеджмент университеті аудиторияларын талапқа сай жасақтаған, бекітілген ережелер де сақталады. Мамандар қызметкерлерге қажетті кеңес беріп, түсіндірме жұмыстарын жүргізді. Олардың айтуынша, талаптарды қайталап бұзғаны үшін материалдар құзырлы органдарға жіберіледі.

«Студенттер мен оқытушылар арасында біз үнемі вакцинаның маңыздылығы туралы түсіндірме жұмыстарын жүргіземіз. Соның арқасында екпе алғандардың саны артып келеді. Оқу жылы басталғанға дейін біз белгіленген межені орындаймыз деп ойлаймын. Ал, бүгін алған ескертулерді жақын арада түзейміз», – деді Алматы менеджмент университетінің инфрақұрылымды басқару директоры Зайтуна Сәрсенбаева.

Арнайы құрылған мониторингтік топ екі күн ішінде 25-тен астам жоғары оқу орнын аралады. Өкінішке қарай, көпшілігі тексеріс келгенге дейін дайындық жұмыстарын пысықтап үлгермеген. Түсіндірме жұмыстарын жүргізген мамандар ауызша ескерту жасады.

«Жоғары оқу орындарының 80 пайызы дайын емес. Кейбіреулері дайындалуға асық та емес. Біздің ең басты мақсатымыз  –  осы студенттеріміздің құқығы, олардың осы Алматы қаласына студент болып келіп, олардың жағдайы дұрыс болуын қамтамасыз ету», – деді Бостандық ауданы жастар ресурстық орталығының басшысы Әділ Нұрпейісов.

Айта кету керек, Алматы қаласында барлығы 38 жоғары оқу орны бар. Тексеріс жұмыстары жаңа оқу жылы басталғанға дейін жалғаспақ.

Жанар Ғаниқызы, Сағынғали Мұңайтпасов, «Алматы» арнасы

Новости партнеров