Абай алаңында Республика күніне арналған концерт өтіп жатыр

Жиналған жұрт сахнадан әуелеген әндерді бірге шырқап, өнерпаздарға қошемет көрсетуде

Жаңалықтармен бөлісіңіз

Алматының Абай алаңында Республика күніне арналған мерекелік концерт өтіп жатыр. Ашық аспан астында ұйымдастырылған мәдени іс-шарада қазақ эстрадасының танымал өкілдері өнер көрсетіп, елдік пен егемендікті дәріптейтін әндер шырқауда,деп хабарлайды Almaty.tv.

Жиналған жұрт сахнадан әуелеген әндерді бірге шырқап, өнерпаздарға қошемет көрсетуде. Мұнда «Алашұлы» мен «Ұлытау» топтары, Баянсұлу, Еркеш Хасен, Тұрар және Абик Жексен сынды танымал орындаушылар көпшілікке әннен шашу шашып жатыр. Әсіресе, ел мен жерге арналған патриоттық шығармалар көрерменнің ыстық ықыласына бөленуде. 

"Көңіл-күйіміз керемет! Өте тамаша мерекелік кеш өтіп жатыр. Бүгін еліміз үшін маңызды күн. Концертке жиылған қауымның қарасы көп. Тіпті, шет елден келген меймандар да бар. Мәселен, менің құрбым Стамбұлдан келді. Ол ауқымды іс-шараларды көріп таң қалып жатыр. Барша қазақстандықтарды ұлттық мерекемен құттықтаймын!", - деп айтып берді қала тұрғыны Эльмира Тоқтабаева.

"Иә, міне, тамаша концерт өтіп жатыр. Көңіл-күйіміз жақсы! Егеменді еліміз жасай берсін! Тағы да бір табыс, елім аман, жұртым тыныш болсын деймін. Мемлекет басшысына көп рахмет! Жастар аман болсын. Қазақ елім жасасын!", - деді қала тұрғыны Аманжол Хамитов. 

Айта кетейік, бүгін Республика күні Алматының барлық сегіз ауданында кеңінен тойланып жатыр. Шаһардың әр түкпірінде мәдени шаралар ұйымдастырылып, концерттер мен фестивальдер өтуде. Ал ұлттық мерекенің тарихи мәні терең. Осыдан 36 жыл бұрын, 1990 жылдың 25 қазанында мемлекеттік егемендік туралы декларация қабылданып, Қазақстанның тәуелсіздікке бастар жолындағы алғашқы маңызды қадамы жасалды. Содан бері бұл күн елдік пен еркіндіктің айшықты белгісіне айналды. Ал Абай алаңында әуелеген әннің әзірге толастар түрі жоқ.

Оқи отырыңыз: Республика күні: Қазақстанның барлық аймақтарында экологиялық акция өткізілді