Биыл Алматыда 640 орынға арналған 4 мемлекеттік балабақша қолданысқа беріледі

08.04.2021 02:19

Қаланың 3 бірдей ауданында бөбекжайлар салынып жатыр

Almaty.tv

Биыл Алматыда 640 орынға арналған 4 мемлекеттік балабақша қолданысқа беріледі. Мектепке дейінгі ұйымдардағы орын тапшылығын жою үшін қаланың 3 бірдей ауданында бөбекжайлар салынып жатыр. Одан бөлек, ұзақ мерзімде жалға алынған ғимараттың қайтадан мемлекетке қайтарылуына байланысты Әуезов ауданында 315 орынға арналған балабақшада қазір жөндеу жүргізілуде. Биыл оны да пайдалануға беру жоспарда бар. Мектепке дейінгі ұйымдардағы өзекті болып отырған кезектілік мәселесі шешімін қалай тауып жатыр? Жекеменшік балабақшаларға мемлекеттік тапсырысты орналастыру жайы қалай? Тақырыпты Almaty.tv тілшісі жалғастырады.

Алматыда 822 мектепке дейінгі ұйым бар. Оның 189-ы мемлекеттік, 633-і жекеменшік. Бала-бақшалардағы орын тапшылығын азайту мақсатында биыл 4 мемлекеттік бөбекжай пайдалануға берілмек. Ал 31 жекеменшік балабақша мемлекеттік-жекеменшік әріптестік аясында 1751 баланы қамти отырып жұмыс атқаруда.

«Биыл 640 орынға арналған мемлекеттік 4 балабақша салынып жатыр. Оның 2-еуі Наурызбай ауданында, «Тау самалы» және «Ақжар» аудандарында 120 орыннан, Бостандық ауданында 120 орынға, Түрксіб ауданында «Жас қанат» ықшам ауданында 280 орынға арналған мемлекеттік балабақшалар биыл қолданысқа беріледі», – деді қалалық білім басқармасы мектепке дейінгі тәрбие және білім бөлімінің бас маманы Эльмира Хасенова.

Заманауи талапқа сай салынған жаңа балабақша былтыр тамыз айында Бостандық ауданында қолданысқа берілді. Карантин талаптарын сақтай отырып, кезекші топтарды ғана қабылдап отырған бөбекжай 195 балаға арналған. Мектепке дейінгі ұйымдардың қала бойынша көптеп ашылуы балабақша кезегін қысқартуға септігін тигізуде, дейді бөбекжай меңгерушісі.

«Көптеген ата-аналар балабақшаға келіп, қуанып, кезегіміз келді деп қазір келіп жүр. «Рухани жаңғыру» бөлмесі бар, сенсорлық бөлме бар. Онда балалар өздерін емін-еркін ұстап, ойыншықтармен ойнаймыз. Денсаулыққа байланысты бізде «тұз шахтасы» бар. Дәрігердің анықтамасымен бала 10 күні бойына сол процедурадан өтеді», – деді №191 бөбекжай-балабақшасының меңгерушісі  

Мөлдір Ерназарова.

Айта кететіні, жекеменшік балабақшаларға мемлекеттік тапсырысты орналастыру жалғасын тауып жатыр. Биыл наурыз айында өткізілген конкурсқа байланысты 108 мемлекеттік мектепке дейінгі ұйымға 3602 орынға арналған мемлекеттік тапсырыс орналастырылды. Жыл соңына дейін тағы 5 мың орынға арналған 2 конкурс жарияланбақ.

Сая Меңдеке, Сағынтай Мұңайтпасов, «Алматы» телеарнасы