Атырауда балаларын бөбекжайға апарып жүрген ата-аналар мен тәрбиешілер шу шығарды. Нысанның жабылатынын қыркүйекке бір ай қалғанда білген ата-ана баласын қайда орналастыратынын білмей әлек, деп хабарлайды Almaty.tv тілшісі.
Бұл – Алмагүл ықшамауданында орналасқан №28 бөбекжай. 277 балаға лайықталған нысан 2014 жылы салынып, 10 жыл өтпей апатты деп танылған. Бұған қабырғасының жарылуы себеп болған. Бұл хабарды күні кеше ғана естіген ата-аналар аң-таң. Өйткені жауаптылар бұған дейін «балабақша жабылуы мүмкін» деп жақ ашпаған екен.
– Үшінші қызым жекеменшік балабақшаға барып жүрген жерінен алып, маусым айында сайт арқылы тіркеліп, Алмагүлге ауыстырдым. 1 тамызда жинап, балабақша жабылатынын айтып отыр. Балалары бөлетін көрінеді. Бірақ бізге ыңғайсыз. Автобус жүрмейді, – дейді ата-ана Алма Кенжебаева.
Бөбекжайда 70-ке жуық қызметші бар. Бұл жағдай оларды да алаңдатып отыр. Бастапқыда 10 тамызда жұмыстан босайтынын айып, хабар жіберген. Кейін шу көтерілген соң, қыркүйекке дейін қалуға мүмкіндік берген. Тиісті жұмыстың қашан басталып, аяқталатыны белгісіз. Енді балабақша қызметкерлері жұмыссыз қалатынына алаңдап отыр.
– №53 бұйрық, 1-тармағына сай хабарлама бір ай бұрын берілуі керек. Бірақ 2 тамыздан бастап айтылды. Екіншіден, неге 50 процент жалақы алуымыз керек? 150 мың теңге жалақымның 75 мыңын ғана аламын ба? – дейді тәрбиеші Гүлмира Балқанова.
Ал жауаптылардың сөзінше, арнайы экспертиза қортындысы 25 шілдеде ғана белгілі болған. Қазір 270 баланы сол аумақтағы 5 бөбекжайға бөліп орналастыру көзделіп отыр. Ал порталға қайта тіркеудің қажеті жоқ. Білім басқармасындағылар тәрбиешілер де жұмыссыз қалмайтынын жеткізді.
– Бұл – уақытша туындаған қиындық. Қазір 277 баланы «Индиго» порталына тіркедік. 1 тамызда түсіндірдік. Енді ата-аналар орталықтағы балабақшаларға баласын беруді қалайды. Бірақ біз 47 балабақшаға 270 баланы бөліп тастай алмаймыз. Заң аясында ғана тиісті жұмыс жүргіземіз, – деді Білім бөлімінің басшысы Айнагүл Дүйсекенова.
Қазір қала бойынша 22 мың бала кезекте тұр. Бөбекжайларда орын тапшылығы байқалады. Мамандардың жетіспеушілігі тағы бар. 9 балабақшаның құрылысы жекеменшік әріптестік негізінде жүргізіліп жатыр.
Ұлағат Арғын, Нұрбек Шәйден, «Алматы» телеарнасы, Атырау