СҚО-да балабақша қызметкерлері бала санын өтірік көбейтіп, бюджеттен ақша алып келген

16.08.2024 02:39

Кінәлілер жауапкершілікке тартылды

elements.envato.com

СҚО-да балабақшалардың бірінде қызметкерлер жоқ балаларды тіркеу арқылы бюджет қаражатын заңсыз алып отырған, деп хабарлайды Almaty.tv.

СҚО прокуратурасы Айыртау аудандық сотының үкімімен ұйымның қызметкері келтірілген зиянды мемлекет бюджетіне толық көлемде өтегенін, сонымен қатар, 3 жыл 6 айға бас бостандығы шектелгенін мәлімдеді.

- Тексеру барысында Айыртау аудандық прокуратурасы балабақшалардың бірінде қызметкерлердің жоқ балаларды тіркеу арқылы бюджет қаражатын заңсыз алғандарын анықтады. Бұл 2021-2024 жылдар аралығында болып, үш жылға жалғасқан, – дейді прокуратура өкілдері.

Сонымен қатар Айыртау аудандық прокуратурасы осы аудандағы білім бөлімінің қызметкерлеріне қатысты басталған сотқа дейінгі тергеп-тексеруді жүргізіп жатыр. Қылмыстық-процестік кодекстің 201-бабының талаптарына сәйкес, сотқа дейінгі тергеп-тексеру деректері жарияланбайды. Тексеру барысында өрт қауіпсіздігі, санитарлық нормалар, балалардың интернет желісінде тыйым салынған ақпаратқа қол жеткізуі секілді бірқатар фактілер анықталды. 

Анықталған заң бұзушылықтар бойынша қадағалау актісі енгізіліп, кінәлілер түрлі жауапкершілікке тартылды.

Дерекөз: Inbusiness.kz