Алматы бойынша 198 мың баланы қамтыған жазғы мектептер ұйымдастырылған

Алматы бойынша 198 мың баланы қамтыған жазғы мектептер ұйымдастырылған
Мұнда әлеуметтік аз қамтылған топтағы балалар да бар
Жаңалықтармен бөлісіңіз

Биыл Алматы қаласы бойынша 198 мың баланы қамтыған жазғы мектептер ұйымдастырылған. Бұл туралы қалалық білім басқармасы мәлімдеді. Мектеп оқушыларының демалысын тиімді өткізуді мақсат еткен іс-шараларда қандай жаңашылдық бар? Карантин талаптарына байланысты лагерьлерге қандай өзгеріс енгізілді?  Almaty.tv тілшісі толықтырады.

Мектеп оқушылары үшін жазғы демалыс сағына күтетін кезең. Ал, оның барынша тиімді өткізілуін қадағалау – тікелей ата-ана мен мұғалімнің міндеті. Осы ретте қалалық №95 мектеп әкімшілігі біршама үйірме ұйымдастырған. Дария Сатыбалды да солардың біріне қатысып, бос уақытын жаңа білімге арнап отыр.

«Мен жазғы каникулдан шахмат ойнауды бастадым. Каникул да өте пайдалы өтіп тұр. Шахмат ойнау маған ұнайды. Мұғалімдерге мен рақмет айтамын», – деді  7-сынып оқушысы Дария Сатыбалды.

«Менің қызым №95 мектепте 7-сыныпта оқиды. Жазғы каникулда қызым текке уақыт өткізбесін, кешке телефонда отырмасын деген мақсатпен мектепке әкеліп, шахмат үйірмесіне қатыстырып жүрмін. Қызыма өте ұнайды шахмат үйірмесі», – деді  ата-ана Риза Тұрлыбаева.

Маусымда басталған жазғы мектеп қазір аяқталуға жақын. Мұнда балалар білім алып қана қоймай, физикалық түрде шынығып, ой-өрістерін де дамыта алады. Әрі істелген істің нәтижесін көрсету үшін арнайы турнир ұйымдастырылыпты. «Ұялы телефон мен әлеуметтік желінің белсенділігі жоғары уақытта, оқушылардың дамуын қадағалау – мұғалімнің міндеті», дейді мектеп әкімшілігі.  

«Осы маусым айынан бастап біздің мектепте үйірме ашылды. Үйірменің 10 түрі ашылды, сол бойынша балалар өтініштерін беріп, сол үйірмелерге қатысып жүр. Әрбір үйірмеде 12-15 баладай, жалпы 120 баладай қамтылған бізде жазғы уақытта», – деді  №95 мектеп директорының тәрбие ісі жөніндегі орынбасары  Азат Абуғали.

Қалалық әкімдік тарапынан ұйымдастырылып жатқан «Биікке ұмтылу» жобасын да осы ретте айрықша айта кеткен жөн. Мұнда әлеуметтік аз қамтылған топтағы балалар да бар. Бір ерекшелігі – іс-шаралардың көбі бастауыш сынып оқушыларына бағытталса, мұнда жоғары сыныптағыларға да курс қарастырылған. Блогинг, актерлік шеберлік пен йога, ораторлық шеберлік арнайы оқытылады дейді мамандар.

«Қалада 379 балалар лагері, мектеп жанындағы лагерьлер ұйымдастырылды. Оны біз лагерь демей, жазғы мектеп деп өткіздік. Ол тек бастауыш сыныптарда болды. Сонымен қатар, орта сыныптар да болды бізде. Пәндік, ағылшын тілін үйрететін жазғы мектеп болды. Оған 270-тей жазғы мектеп ашылды онда. Сонымен қатар, 136-ға жуық тақырыптық лагерьлер қосымша білім беру орындарында, Оқушылар үйінде ұйымдастырылды», – деді қалалық білім басқармасы рухани адамгершілік және тәрбие бөлімінің басшысы Нұргүл Тау.

Басқарма мамандарының мәліметіне сүйенсек, тамызда 10 мектепті жобаға қосып, тағы 1500 баланы қамту жоспарланып отыр. Сондай-ақ, онлайн ұйымдастырылатын үйірмелердің де барын ұмытпаған жөн.

Мадина Оқас, Ғани Қалуов, «Алматы» арнасы

Новости партнеров