Арнайы әзірленген QR-батырмасы арқылы кез-келген адам сайтқа кіре алады
Елімізде «Bala Qorgau» жобасы іске қосылғаннан бері 4 мыңға жуық өтініш келіп түскен, деп хабарлайды Almaty.tv тілшісі.
Сұрақтардың басым бөлігі ата-ана мен бала арасындағы қарым-қатынасқа, мектептегі әлімжеттік пен өмірлік қиын жағдайларға қатысты екен. Азаматтың барлығына психологиялық көмек көрсетіліп, 400-ден аса мәселе толығымен оң шешімін тауыпты.
Жыл басында ғана іске қосылған «Bala Qorgau» сайты балаларға ғана емес, ата-аналарға да таптырмайтын жобаға айналған. Жоба аясында зорлық-зомбылыққа, күйзеліске ұшыраған және жалпы көмекке мұқтаж балаларға психологиялық көмек көрсетіледі.
«Балалар кейде қатты күйзеліске түсіп қалуы мүмкін. Енді оны кейде біз қанша жұмыс жасап жатсақ та байқамай қалуымыз да мүмкін. Кейбіреуі ашылып айтады, кейбір балалар айтпауға тырысады. Сондай жағдайда код арқылы балалар құқығын қорғау комитетіне, өзінің ішкі сырын, күйзеліске түсіп жүргендігін айтуға болатындығын біз ескертіп айттық», – деді Ж. Жабаев атындағы №161 лицей директоры Роза Сұраншиева.
Бастама арқылы оқушылар психологтың кеңесіне жүгініп, қиын жағдайдан шығудың жолын таба алады. Қажет болса, мәселені кеңесшімен тікелей талқылауға мүмкіндік бар.
«Көптеген оқушы өзінің проблемаларын ата-аналарына, ұстаздарына айта алмайды. Ал бұл өте жақсы. Өйткені біз анонимно қалдыра аламыз. Кеңестер де ала аламыз», – деді Ж. Жабаев атындағы №161 лицей оқушысы Эльмира Бақтиярова.
Айта кету керек, жоба еліміздің барлық мектебінде қолжетімді. Арнайы әзірленген QR-батырмасы арқылы кез-келген адам сайтқа кіре алады. Өзіне керек сауалын жолдап қана қоймай, өзге де кеңестер ала алады.
«Біз «Bala Qorgau» жобасын құптадық. Қаржылай көмектесіп бүгінде Қазақстан бойынша 10 мың мектепте тақтайша орналастырдық. Баланың қауіпсіздігі біз үшін бірінші орында. 2022 жыл балаллар жылы болып есептелгендіктен біз осындай жобаға атсалыстық», – деді «Банк ЦентрКредит» АҚ карта бизнесінің атқарушы директоры Нұргүл Бимағамбетова.
Жыл басынан бері платформаға 4 мыңнан аса өтініш келіп түскен. Оның 10 пайызы толықтай шешімін тауып үлгеріпті.
Назкен Еркін, Салтанат Нұрғалиева, Ғани Қалуов, «Алматы» телеарнасы