Қазақстандықтар 2030 жылға дейін қалдықтарды қайта өңдеу үлесін 40 пайызға дейін жеткізуі керек. Жасыл экономикаға көшу жөніндегі тұжырымдамаға сәйкес, бұл – маңызды қадам. Бұл жөнінде Экология және табиғи ресурстар министрі Ерлан Нысанбаев та айтқан, деп хабарлайды Almaty.tv тілшісі.
Жасыл мектеп коллаборациясы ойын және жоба түрінде оқушыларға арналған интерактивті ECO Network бағдарламасын қамтиды. Оның арқасында балалар мен жасөспірімдерді қоршаған ортаны қорғау мәселеcін зерттеуге қызығып, қалдықтарды дұрыс жинауды үйренеді.
– Мақсаты – мектептегі балаларға қоқысты сұрыптауды үйретеміз. Қоқыс қайта өндіретін зауыттарға таратылады, – деді мектеп директоры Тұрсын Сайбырова.
Білім беру ордасында оқушылардың экологияны қорғауға үлес қосар жобасына қолдау жасалған. Мәселен 10-сынып оқушысы Мөлдір Бердіғани ғылыми жетекшісімен бірге пластик қалталардың орнын басатын экоқалта жасап жүр. Оның айтуынша, толық дайындап шығуға 1 аптаға жуық уақыт кетіпті.
– Биопакет жасаған болатынмын. Ол суда, топырақта тез шіріп, еніп кетеді. Бізде себебі қазір пайдаланып жүрген пластик пакеттер 200 жылға дейін шірімейтін болғандықтан, проблема болып жатыр. Сондықтан жаңадан инновациялық пакет жасап шығарып жатырмыз. Құрамына глицерин, желатин, су және пектин қажет болады, – деді 10-сынып оқушысы Мөлдір Бердіғани.
Мектептерде арнайы қоқыс жәшіктерін орнатуды жоба авторлары 2019 жылдан бастап қолға алған. Ол республика бойынша 20-дан аса мектепте іске қосылған.
– Жоба Алматы, Астана, Тобыл, Ақтөбе қалаларында бар. Нәтижесін көріп жүрміз. Енді Алматы облысы да қосылды. Мақсат – балаларды мәжбүрлемей, мәдени дамытып, әдет қалыптастыру, – деді жоба жетекшісі Евгений Мұхамеджанов.
Келешекте бағдарламаны облыстың басқа білім ордаларында жүзеге асыру жоспарланып отыр. Қалдықтарды сұрыптап, қайта өңдеу – экологияға үлес қосу ғана емес, экономикаға қосымша табыс көзі екенін де түсінген жөн.
Жансая Олжабек, Сағынғали Мұңайтпасов, «Алматы» телеарнасы
Оқи отырыңыз: Өнертапқыш бала: алматылық оқушы суды қоқыстан тазартатын құрылғы ойлап тапты