Байқауға 12 тәжірибелі мұғалім қатысты
Алматыда «Жыл мұғалімі – 2020» байқауының мектепішілік кезеңі өтіп, 18 қатысушы өзара кім мықтыны анықтады, деп хабарлайды Almaty.tv.
Үміткерге қойылатын басты талап – оқушымен ашық сөйлесіп, сабақты ұғынықты етіп өткізу, тақырыпты қарапайым тілмен түсіндіру. Сайысқа қатысқан барлық педагог мақтау грамоталарымен марапатталды. Ал жүлделі орын алғандарға теледидар, тоңазытқыш пен тұрмыстық техника табысталды. Оқ бойы оза шапқан №15 гимназияның үздік ұстазы Лаура Сағынбекова енді ауданда бағын сынамақ.
«Ашық сабағыма мектеп директоры. Одан бөлек тағы 12 тәжірибелі мұғалім қатысты. Сол үшін кішкене қобалжып тұрмын. Ең алдымен сабақты беру, өзін-өзі ұстау, оқушылармен жұмыс жасау маңызды», – деді "Жыл мұғалімі – 2020" байқауы мектепішілік кезеңінің жеңімпазы Лаура САҒЫНБЕКОВА.
Марапаттау рәсіміне келген құрметті қонақтар қатарында Қазақстанның «Еңбек ері» Аягүл Миразова, Қазақ ұлттық қыздар педагогикалық университетінің ректоры Гаухар Алдамбергенова және Алмалы ауданы білім бөлімінің мамандары болды. Аталған сайысты Алматы әкімі Бақытжан Сағынтаев та қолдап, мұндай жарыс мәртебелі мамандық иелерінің шығармашылық жағынан дамуына серпін беретінін айтқан еді. Аягүл Миразова да «Жыл мұғалімі» байқауының қайта жанданғанына дән риза.
«Біз не ұтамыз? Бұлай бір-бірінен үйренеді, төселеді және дағы шыңдалады. Бұл өте керекті дүние. Үлкен бір жауапкершілікті, үлкен бір міндетті оларға жүктейді. Ұстаздың ұстазы болуға ұмтылады деген сөз», – деді Қазақстанның еңбек ері Аягүл МИРАЗОВА.