Сыныптағы балалар санын 15-тен асырмау және санитарлық нормаларды қатаң сақтау талабы қойылады
Алматы қаласының Бас санитарлық дәрігері коронавирусқа байланысты карантиндік шектеу шараларын жеңілдетті, деп хабарлайды Almaty.tv тілшісі ҚазАқпаратқа сілтеме жасап.
Қаулыға сәйкес, 15 қыркүйектен бастап:
– мәдениет нысандары (адамдар саны 30-дан аспайтын жеке және топтық жаттығулар), кітапханалар мен музейлер (ғимараттың толуы 50 пайыздан аспауы тиіс) жұмыс істей бастайды. Бұл ретте, маска тағу режимі және әлеуметтік қашықтық сақталып, санитарлық-дезинфекциялық шаралар қатаң жүргізілуі, желдету жүйелері іркіліссіз жұмыс істеуі қажет.
– ата-аналардың өтініші бойынша білім беру ұйымдарында 3-4 сыныптардың кезекшілік топтары жұмыс істей бастайды. Бұл ретте, сыныптағы балалар санын 15-тен асырмау және санитарлық нормаларды қатаң сақтау талабы қойылады.
«Қаулыны ұйымдастырушылық-құқықтық формасына және қандай ведомство құрамына кіретініне қарамастан барлық заңды тұлғалар орындауға міндетті. Қаулы қол қойылған күннен бастап күшіне енеді», – делінген Алматы қалалық Бас санитар дәрігері Жандарбек Бекшин қол қойған құжатта.