ҚРМУ – студенттер тест қорытындысының шешімен келіспей, шу шығарды

17.06.2022 02:52

Мәселенің ақ-қарасы әлі де анықталып жатыр

Almaty.tv

Қазақстан-Ресей медициналық университетінің студенттері тест қорытындысының шешімен келіспей, шу шығарды, деп хабарлайды Almaty.tv тілшісі.

Тест қортындысының шешімімен келіспейміз деген Қазақстан-Ресей медициналық университетінің студенттері бүгін бас көтерді. Олардың айтуынша, өздерімен қатар тапсырған өзге оқу орнының студентері ұпайын өзгертіп жатыр.

Болашағы бұлыңғыр болмас үшін әділдік талап еткен өзге оқу орнының студенттері ұпайымен келіспей, қосымша ұпай қосып алған дейді.

«Бүкіл республика бойынша барлық студенттер мен университтер осы жүйе арқылы тапсырды. Сол күні басқа университет  студенттері тест нәтижесін қайта қарауды өтінді. Қазақстанның қалалары бойынша бірдей тест болуы керек. Бірақ тек Қазақстан-Ресей медициналық университетінің тесттері басқа болды», – деді ҚРМУ студенті Алина Әбікеева.

Аталған медициналық оқу орнының 246 білім алушысы тест тапсырып, 6 студент сынақтан өтпеген. Талап бойынша екінші кезеңге өтуі үшін 50-70 ұпай жинауы тиіс.

«Бізге басқа сұрақтар келді. Ал оларға дайындық барысындағы сұрақтар келгенін айтты. База өзгермеген, бізге жаңа сұрақтар келіпті», – деді ҚРМУ студенті Ислам Қуандықов.

Енді студенттер университет басшылығының іске араласып, араша түсуін сұрайды. Алайда білім ордасының басшылығы тесттің қорытындысына араласа алмаймыз деп қысқа қайырды.

«Нәтижелері осындай болды. Оларға түсіндірдім, ертеңге дейін күтіңдер деп. Біздің қолымызда емес. Жоғары ұпай алғанда біз де өте қуанышты болар едік», – деді ҚРМУ Жалпы медицина факультеті деканатының меңгерушісі Роза Нұрманқызы.

Дәл осындай жағдай Шымкенттегі Халықаралық қазақ-түрік университетінің студенттерінде де болған екен. Олар әлеуметтік желі арқылы шағым айтып, көмек сұрап отыр.

Ал сала мамандары қазір 11 ЖОО тест сұрақтары бойынша аппеляцияға өтініш берді дейді.

«Мысалы Қазақстан-Ресей университеттің өтініші жоқ, ал кім берді сол университеттерге қосылады. Студент аппеляцияға  өтініш бермесе, мәселе қаралмайды», – деді «Ұлттық тәуелсіз емтихан алу орталығы» РҚБ басқармасының төрағасы Гүлмира Жангереева.

Жауапты мамандар аппеляциялық кезең әлі жүріп жатқандықтан, кесіп ештеңе айта алмаймыз деп отыр. Мәселенің ақ-қарасы әлі де анықталған жоқ.

Әлібек Шынтемір, Ялкунжан Ашәмжанов, «Алматы» телеарнасы