Алматылық оқушыларды әлемнің беделді университеттері қатарына қосқысы келеді. Бүгінде Назарбаев зияткерлік мектебінде білім алып жатқан Мұхаммед-Әли мен Қасымжомартқа Халықаралық жоғары оқу орындары жарыса грант ұсынып жатыр. Оқушылар болса өз таңдауларын жасап та қойыпты. Ендеше, талабы жоғары білім алушылардың ендігі мақсаты қандай? Almaty.tv тілшісі Мерей Қанапиянов жалғастырсын.
Мұхаммед-Әли математикадан Халықаралық олимпиадаларда көзге түсіп жүрген оқушылардың бірі. Қазіргі таңда оның 2 мыңнан астам адамға арналған әлемдік деңгейдегі бизнес-инкубаторы бар. Яғни, жобаларының барлығын заманауи үлгідегі виртуалды қосымшалар арқылы басқарып, ойлап табады. Қолы қалт етсе болды үнемі ізденіп, ағылшын тілінде заманауи кітаптар оқиды. Сондай табандылығының арқасында АҚШ-тың Фордем және Дрексель, одан бөлек Гонконктың Баптист сынды мықты жоғары оқу орындары грант тағайындаған. Алайда ол әлемдік деңгейде үздік 34-тің қатарына кіретін Канада еліндегі Британдық Колумбия университетін таңдапты.
«Қазақстанда қазіргі кездегі негізгі мәселе мықты менеджерлердің аз болуы және менің арманым елге келіп жаңа компания ашып, топ менеджерлерді үйрету немесе жаңадан шақырту. Себебі менеджерлер болашақта еліміздің экономикасын дамытып, көтеретін үлкен мамандар деп есептеймін», – деді Назарбаев зияткерлік мектебінің оқушысы Мұхаммед-Әли Қанатбек.
Ал, Қасымжомарт болса мықты пікірсайысшы. Алдағы уақытта халықаралық деңгейде өтетін дебат ойындарына қатысқысы келеді. Қазір ол 3 тілде еркін сөйлесе де, қытай тілін меңгеруді ойластырып жүр. Себебі оғанда әлемдік деңгейдегі алдыңғы қатарлы жоғары оқу орындары грант берген. Алайда оқушының назары Ганконг қаласындағы Баптист университетіне түскен.
«Өзімнің ең үлкен арманым Made in Kazakhstan деген leavel-і бар кез келген біздің Отандық жобаны әрі қарай дамыту. Гонконг ол жалпы Батыс және Азия менталитетінің қосындысы. Ал, менің болашақтағы нарығым Азия болғандықтан, ол мен үшін өте ұтымды», – деді Назарбаев зияткерлік мектебінің оқушысы Қасымжомарт Сапан.
Оқушылар армандарының орындалғанына қуанышты. Бірақ ендігі мақсатымыз жырақта алған білімді ел мүдессіне жұмсау дейді.
Мерей Қанапиянов