Оффлайн оқимыз: Алматыда жекеменшік мектептердің бірінен дау шықты

Оффлайн оқимыз: Алматыда жекеменшік мектептердің бірінен дау шықты
Редакциямызға хабарласқан ата-аналар оқу ордасының шешіміне аң-таң
Жаңалықтармен бөлісіңіз

Оқу жылының екінші тоқсаны Алматыдағы жекеменшік мектептердің бірінде даулы оқиғадан басталды. Редакциямызға хабарласқан ата-аналар оқу ордасының шешіміне аң-таң. Оқушылардың тең жартысын оффлайн, қалғандарын қашықтан оқуға жібермекші. Мектепте бөліп-жару неден пайда болды, мұғалімдер қандай уәж айтады? Almaty.tv тілшісі Ұлағат Арғын жалғастырсын.

Оқиға болған жерден:

– Құрметті ата-аналар «Әмір» жалпы білім беру мектебінде 1-4 сынып оқушыларын тегін оқытады. Неліктен тегін оқытады? Өйткені, мектеп мемлекеттің грантын ұтып алғандықтан, оқу ақысын ата-ана емес, үкімет төлейді.

Жарнамасы жер жарған бұл бейнероликте жеке меншік мектептің оқушыларды тегін қабылдайтыны туралы айтылған. Балаларын оффлайн оқытуға асыққан ата-аналар бірден осында келеді. Оқу жылының басында білім ордасы 271 бала қабылдаған. Оның 130-ы ақылы білім алса, қалғаны мектеп басшылығы жарнамада айтқандай, мемлекеттің қамқорлығымен тегін оқып жатыр. 1-тоқсанда барлық оқушы мектепке барып келіп оқып жүреді. Кейіннен баланың көбейіп кетуіне байланысты тек ақылы оқып жатқан балаларды мектепте қалдырып, тегін білім алып жүрген оқушыларды қашықтан дәріс алуға жіберіпті.    

Қазір жекеменшік мектеп оффлайн сабақты жалғастырып жатыр. Десе де оқу жылының екінші тоқсанынан бастап, яғни бүгіннен бастап мектеп есігі тек ақша төлеген оқушылар үшін ғана ашық. Мектеп директоры бізге мән жайды түсіндіріп бергенмен ішке кіріп түсірілім жасауға рұқсатын бермеді.

Меруерт Сағалиқызы – көпбалалы ана. Биыл кенже қызы мектеп табалдырығын аттағандықтан, оқудың не екенін сезінсін деп кезекші топқа жазыдырыпты. Ал бүгін мектепке қызын кіргізе алмай кетті.

«Бірінші тоқсан аяқталды, үйлеріңде отырып, екінші тоқсанды оқыңдар деп отыр. Біз оған қарсымыз. Мектеп ақылы түрдегі сыныптарға 40 мың төлейтіндерге бір шара қолданғаны секілді, бізге де амалын тапсын, тегін оқитындарға. Сонда оқушы емес пе бұлар. 15 баланы бір апта, бізді бір апта оқитын ете ме, білмеймін», – деді қала тұрғыны Меруерт Сағалиқызы.

Мектеп әкімшілігі болса, бар мәселе ғимараттың таршылығында дейді. Бала саны көп болғандықтан, бұл санитарлық талапқа сай келмейді екен. Сол себепті осындай әрекетке барыпты.

«Карантин жағдайы жақсарғаннан кейін ғана бәрін мектепке қайтара аламыз және өзіміз уәде бергендей тегін оқытамыз. Тегін оқытып та жатырмыз, тек онлайн ауыстырғанымыз болмаса. Қазіргі оқып жатқан 130 баланың бәрі ақылы оқиды деген де өтірік. Олардың ішінде кейібір ата-аналар келіп бізге өтініш айтқаннан кейін біз тегін оқытып жатырмыз. Бұл кісілерді оқыта алатын едік, егер үлгеріп келген кезде, бірақ қазір шектеу қойып отырмыз», – деді мектеп директоры Ердос Рыскелдіұлы.

Мәселенің мән жайын білмек болып, аудандық білім беру бөліміне бардық. Басшылардың айтуынша, мектеп балаларды оффлайн оқытуға рұсқат қағаз да алмаған екен.

«Мониторнигтік топтың рұқсатынсыз бастағаны үшін бұл кісілердің оффлайн оқытуын түгелімен тоқтатамыз. Түгелімен рұқсат алмағанша сабаққа шықпайды. Онлайн оқиды бәрі. Бүгіннен бастап ол кісілердің барлық іс-әркеттері оқу үрдісі біздің бақылауымызда. Хабарламаны алғаннан соң, мектепті тексеруге шығамыз», – деді Наурызбай аудандық білім бөлімінің басшысы Гүлмира Жомартбай.

Қала бойынша 275 мектеп бар болса, оның 68-і жеке меншік. Қазір мемлекеттік білім беретін 140 мектепте кезекші сыныптар жұмыс істеп жатыр. Ал, 32 жекеменшік мектептегі 1-5 сынып оқушылары сабақтарын оффлайн форматта оқып жүр.

Ұлағат Арғын, Мейрам Исабеков, «Алматы» арнасы

Новости партнеров