Бір жарым жылдан бері карантиндік шектеумен жұмыс істеген мектептер жаңа оқу жылында балаларды дәстүрлі түрде қабылдай бастайды
Алматы мектептері жаңа оқу жылында балаларды қабылдауға сақадай-сай. Білім ордалары керекті дезинфекция құралдары мен антисептиктерді сатып алған. Мектептерге ата-аналар мен мұғалімдер енді «Ашық» қосымшасы арқылы ғана кіргізіледі. Толығырақ Almaty.tv тілшісі тарқатсын.
Бір жарым жылдан бері карантиндік шектеумен жұмыс істеген мектептер жаңа оқу жылында балаларды дәстүрлі түрде қабылдай бастайды. Бірақ бас санитар бекіткен ережелерді қатаң ұстануы керек. Барлық білім ордасы «Ашық» жобасына енгізілген. Енді мектеп қабырғасына балалардан өзге адамның бәрі статусы тексеріліп, кіргізіледі. Егер баланың жақынынан вирус анықталса немесе науқаспен байланысы бары белгілі болса онда оқушы оқуын онлайн жалғастырады.
«Офлайн форматтағы оқу жүйесі ата-анасының өтініші негізінде онлайн форматта оқу мүмкіндіктері де қарастырылған. Мамандарымыз толық жетеді. Оқу кабинеттері де жетеді. Оқушыларды ноутбуктер мен компьютерлермен қамтамасыз ету 100 пайызға толық», – деді №19 жалпы білім беретін мектептің директоры Айымгүл Иманғалиева.
Бұл №19 мектеп биыл мың жарымнан аса баланы қабылдайды. Мұндағы ұстаздар әр екінші және төртінші сабақтан кейін сыныпқа ылғалды тазалық жүргізіп, кварц жасаймыз дейді. Қай сыныпқа кірсең де, санитарлық құралдары бар.
Қол жуатын раковина мен сабынды айтпағанда әр бөлмеде антисептик пен ауызсу және мынадай квартц шамы болуы міндетті. Рециркулятор ретінде қолданылатын бұл құрылғы күніне 3-4 рет қосылып, ластанған ауаны тазартуға септігін тигізеді.
Бүгінде қаладағы мектеп мұғалімдері мен қызметкерлері толық вакцина алған. Ұстаздар балалардың ара қашықты сақтауын қадағалап, сыныптан-сыныпқа беталды көшпеуін назарда ұстайтын болады.
«Оқушылардың үш түрлі есіктен кіріп, үш түрлі есіктен шығуын қамтамасыз етуді жасадық. Барлық мектептің қосымша есіктері бар, соның бәрін ашып, бастауыш сыныптарды бір есіктен, ортаңғы буын оқушыларын екінші есіктен, жоғары сынып оқушыларын үшінші есіктен кіретін етіп орналастырдық», – деді Медеу аудандық білім бөлімінің басшысы Ағайша Сапарова.
Жалпы қалада 207 мемлекеттік, 80-дей жеке меншік мектеп бар. Биылғы оқу жылының басты талабы да санитариялық шараларды қатаң жүзеге асыру. Бұл тұрғыда барлық мектептің сайманы сайлаулы.
Назкен Еркін, Медет Саматұлы, «Алматы» арнасы