Елімізде балық шаруашылығын дамыту ісі кенже қалып тұр

25.05.2023 03:18

Отандық ғалымдар балыққа берілетін жемді өндіруге дайын

Almaty.tv

Елімізде балық шаруашылығын дамыту ісі кенже қалып тұр. Басты мәселе – оларға берілетін азықты сырттан тасимыз. Тиісінше, құны қымбатқа түседі. Бұл туралы Алматыда өткен басқосуда айтылды, деп хабарлайды Almaty.tv.

Отандық ғалымдар балыққа берілетін жемді өндіруге дайын. Ол үшін арнайы кәсіпорын салу керек екенін айтты. 

– Балықтың түріне қарап азық дайындадық. Құрама жемнің түрлі технологиясын ойлап таптық. Демек, мемлекет тарапынан қолдау көрсетілетін болса, ғалымдардың қатысуымен жұмысты дамыта аламыз деп толық сеніммен айтамыз, – деді Мал шаруашылығы және биоресурстар ғылыми зерттеу технологиялық институтының директоры Болатхан Махатов.

Бүгінгі ашық диалог алаңына еліміздің әр өңіріндегі ғылыми-зерттеу институттарынан келген мамандар қатысып, өнімдерін ұсынды. Олардың қатарында тамақ өнеркәсібінен бастап, жеміс-жидек пен көкөніс және түрлі биологиялық технологияларға негізделген жобалар бар. Іс-шараны ұйымдастырудағы мақсат – ғылымдағы үздік жетістіктерді өндіріске енгізу.

– Бұл – жиналыс немесе ғылыми конференция емес, ашық диалог алаңы. Біз ғалымдар мен бизнесті біріктіріп отырмыз. Бізде арнайы ғылым қоры құрылған. Сол қор осындай жобаларға ақша бөледі. Осылайша, ғалымдардың ең мықты, ең өзекті, ең тиімді әзірлемелері өндіріске енгізілетін болады. Біздің мақсат – осы, – деді ҚР Ұлттық ғылым академиясының вице-президенті Ақылбек Күрішбаев.