Ұлттық құндылық негізінде тәрбиелеу үшін кітаптардың тізімі жасақталды
Мектептердегі кітапхана қоры жаңа кітаптармен толығады, деп хабарлайды Аlmaty.tv тілшісі.
Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев Түркістанда өткен ұлттық құрылтайда «Балалар кітапханасы» атты жаңа бағдарламаны жүзеге асыруды тапсырды. Болашақ ұрпақты ұлттық құндылық негізінде тәрбиелеу үшін бүгінде кітаптардың тізімі жасақталды. Оған қазақ әдебиеті тарихының барлық дәуірі мен кезеңін, жанрлық бағытын қамтитын 1770 шығарма енді.
«Балалар кітапханасы» бағдарламасында жасақталған тізімнің 76% отандық болса, қалғаны әлем әдебиетінің таңдаулы еңбектері. Себебі президент елімізге шетелдік кітаптар көптеп келетінін айтып, отандық кітап үлесін арттыру мәселесіне тоқталған еді. Бағдарлама аясында мектептер өз тапсырыстарын беріп, жаңа жобаларды қолға алған.
– Түркістанда өткен ұлттық құрылтайда мына «Балалар кітапханасының» жобасын жүзеге асыруды айтты. Сол жоба бойынша Алматы қаласы білім басқармасы жұмыс атқарып отыр. Мектебімізде 750 жуық отандық әдеби кітап, шетелдік классиктердің аудармалары жасақталды. Барлығы балаларға қолжетімді, - дейді № 173 мектеп-лицейінің директоры Ләйлә Байымбетова.
«Балалар кітапханасы» бағдарламасына ұсынылатын кітаптардың тізімін жасақтау үшін арнайы комиссия жұмыс істеді. Жасақталған тізімнің 40% көне классикалық әдебиет, 30% «Тәуелсіздік кезеңіндегі әдебиет», 24% әлемдік әдебиеттің үздік үлгілері.
– Іске асыру мақсатында тізім жасалынды. Жұмыс тобында қазақ тілі мен әдебиет мұғалімдері болды. Сонымен бірге мектеп кітапханашылары көмегі тиді. Отандық классиктердің біразын мен тапсырыс бердім. Мысалы Мұхтар Мағауинның кейінгі кездерде тарихи романдары шықпады. Соған тапсырыс бердік, - дейді кітапхана қызметкері Майгүл Байсақова.
– Жақында ғана өткен күзгі демалыс кезеңінде «Балалар кітапханасы» жобасы аясында республикалық «Күзде біз жалықпаймыз, кітап оқимыз » жобасы аясында Алматы қаласының 215 мектебінің оқушылар белсенді қатысып, 500 тарта іс-шара өткізілді, - дейді қалалық білім басқармасының әдіскері Зульфира Бибалинова.
Бағдарламаның негізгі мақсаты - мектеп кітапханаларын балалар әдебиетімен қамтамасыз ету. Оқушылардың кітапқа деген қызығушылығын арттыру мақсатында электронды кітапхана қоры толықтырылған.
– Бұл жерлерде көркем әдебиет және оқулықтарды жасақтадық. Оқушылардың сұранысы бойынша ай сайын немесе апта сайын ауыстыруымызға болады, - дейді кітапхана қызметкері Майгүл Байсақова.
Оқу-ағарту министрілігінің мәліметінше, қазіргі күні мектептердегі балалар әдебиетінің қоры 40 миллионға жуық. Ал «Балалар кітапханасы» бағдарламасы аясында берілген тапсырыстар келесі жылға дейін мектептерге толық қолжетімді болады деп жоспарланып отыр.
Жансая Олжабек, Медет Саматов, Алматы ТА.
Оқи отырыңыз: Алаш арыстарының ақталғанына 35 жыл толды