Шетелдік тәжірибе, бірегей формат: Алматыда 12600 орынға арналған 8 жаңа мектеп салынады

06.05.2021 03:39

Оның бесеуі бүгінде бала саны көп, мектебі аз Алатау ауданында бой көтермек

Биыл Алматыда 12 мың 600 орынға арналған 8 жаңа мемлекеттік мектеп салынады. Жобаны әзірлеу аясында шетелдік тәжірибе ескеріліп, бірегей формат қолданылмақ. Яғни, қала басшылығы шахардағы мектеп орны тапшылығын жоюды мықтап қолға алды. Одан бөлек, оқушыларға жан жақты қолайлы жағдай жасалмақ. Толығырақ Almaty.tv тілшісі Жанар Ғаниқызы айтып берсін.

Алматы қаласында мектеп тапшылығын жою үшін 8 мемлекеттік білім ордасы салынбақ. Оның бесеуі бүгінде бала саны көп, мектебі аз Алатау ауданында бой көтермек. Тағы екеуі Наурызбай және Түрксіб ауданында тұрғызылады. Одан бөлек, жоғары технологиялармен жабдықталған қосымша білім беру мекемелері ашылмақ.

«Қала басшылығы өз сөзінде айтып өтті Наурызбай және Алатау аудандарында жаңадан жаңа, заманауи үлгідегі екі оқушылар сарайы үлкен жаңа типтегі салынады деп айтты. Бұл педагогтар үшін жұмыс орны, балалар үшін тегін біліммен қамту», – деді №7 оқушылар үйінің директоры Айнұр Дауылбаева.

Сондай-ақ, оқушы саны шамадан тыс мектептер үшін жапсарлас құрылыс жұмыстары жоспарланған. Бүгіннің өзінде 17 нысанда осындай жұмыстар жасалып жатыр. Сөйтіп, 8 мың жаңа орын пайда болмақ. Ал балалардың қаупсіздігі үшін биыл 4 мектептің сейсмотұрақтылығын күшейту жұмыстары жүргізілуде. Ата-аналар шаһар басшылығының балаларға қолайлы жағдай жасап жатқанына ризашылығын білдіріп отыр.

«Қала басшылығының мектептерді балалар үшін барынша қолайлы болуы үшін жағдай жасап жатқаны қуантады. Әлемдегі қиын жағдайға қарамастан, халықтың сұранысын қамтамасыз етіп жатқаны жақсы ғой. Өйткені жыл санап мектеп жасындағы балалар саны артып келеді. Олардың бәрі де сапалы білім алса дейміз», – деді Шахвердян Лусине.

Мектеп құрылысы жобаларын дайындаған кезде әлемдік тәжірибе ескерілген. Жаңадан бой көтеретін нысандарда түбегейлі жаңа формат қолданылады. Басты мақсат – нарық сұранысына жауап беру. Бұл жобаны сәулетшілер де қолдайтынын жеткізді.

«Сәулетшілер осындай жобаларды қолдауға әрдайым дайын. Әсіресе, мектептерді жобалау жұмыстарына баса мән беріліп жатқаны жақсы. Өйткені білім ордасы әдемі әрі жайлы болғанда ғана, балалардың оқуға деген ынтасы артады деп ойлаймын», – деді архитектор Владислав Филатов.

Айта кету керек, қазіргі таңда жұмыс қарқынын сақтау үшін 2022-2023 жылдары салынатын 15 мектептің құрылысын жобалау жұмыстары басталып кеткен.

Жанар Ғаниқызы, Мұрат Тайжан, «Алматы» арнасы

Графика-1:

2021 жылы 8 ауданда 12 600 орынға арналған мектеп салынады:

Алатау ауданы, «Саялы» ы.а. - 1800 орындық мектеп;

Алатау ауданы, «Нұркент» ы.а. - 1500 орындық мектеп;

Алатау ауданы, «Дархан» ы.а. - 1500 орындық мектеп;

Алатау ауданы, «Томирис» ы.а. - 1500 орындық мектеп;

Алатау ауданы, «Рахат» ы.а. - 1500 орындық мектеп;

Наурызбай ауданы, «Қалқаман-2 ы.а. (Абай) - 1500 орындық мектеп;

Наурызбай ауданы, «Қалқаман-2»  ы.а. - 1800 орындық мектеп;

Түрксіб ауданы, «Қайрат» ы.а. - 1500 орындық мектеп.

Графика-2:

17 мың жапсарлас құрылыс - 8 000 жаңа орын;

4 мектепте сейсмотұрақтылықты күшейту жұмыстары.