Жамбыл облысында мемлекеттік грантпен бітірген 6 мыңнан аса жас жұмыссыз жүр

Аlmaty.tv
Аlmaty.tv
Қолда диплом бола тұра, екі қолға бір күрек таппауға не кедергі?
Жаңалықтармен бөлісіңіз

Жамбыл облысында оқу орындарын мемлекеттік грантпен бітірген 6 мыңнан аса жас жұмыссыз жүр. Тек былтырдың өзінде колледжді грантпен оқығандардың 27 пайызы ғана жұмысқа орналасыпты. Қолда диплом бола тұра, екі қолға бір күрек таппауға не кедергі? Ал, жыл сайын артып жатқан мемлекеттік грант қандай мамандықтарға бағытталуда? Almaty.tv тілшісі жастардың жайын қаузап көрді.

Жанар Үсенова – 2017 жылы Тараздағы жоғары оқу орның тәмамдаған жас маман. Қызыл дипломды қолға алып, қалаған жұмысқа орналасу үшін, түйіндеме тастамаған жері жоқ. Жеңіл өнеркәсіп жұмысшы мамандығымен еңбек ету бұйырмаған. Оған өңірде осы саладағы өндіріс пен жұмыстың жоқтығы себеп. Амалсыз басқа салаға бас сауғалаған.

«Бітіргелі бері өз мамандығыммен жұмыс істеген жоқпын. Жұмыс қарастырғаныммен, лайықты жұмыс табылған жоқ.  Сондықтан қазір басқа мамандық бойынша жұмыс істеп жатырмын. Біз топта 23 студент болдық, барлығымыз грантта оқыдық. Мен білетінім, қазіргі кезде екеуі ғана мамандықпен жұмыс істеп жатыр. Және олар ресми түрде емес. Ресми істеп жатқандар жоқ», – деді Тараз қаласының тұрғыны Жанар Үсенова.

Өңірдегі 3 жоғары оқу орнын бітірушілердің 90 пайызы жұмысқа орналасты деп есеп берсе, мемлкекеттік 23 колледж 56 пайыздан жоғары деп көрсеткіш көрсетеді. Бірақ бұл ақпаратты Сыбайлас жемқорлыққа қарсы күрес  мамандары жоққа шығарған. Нақты бітірушілермен сұқбаттасу барысында университет көрсеткіші 50 пайызға жетпейтінін, ал колледждер 27 пайыз екені анықталған. Мамандар мұны өңірге керексіз мамандықтарды, колледжге қаржы бөлу үшін ұстап отырудың кесірі дейді.

«Бұл жерде таңдау керек, бюджет қаржысын тиімді пайдаламыз ба немесе жасанды түрде колледждерді ұстап отырамыз ба? Соңғы жылды айтатын болсақ, 2019 жылда бітіргендердің 27 пайызы ғана жұмысқа орналасып отыр. Ал, оны ақшаға келтіріп айналдырып айтатын болсақ,  жылына әрбір студентке, 400 мың тг-ден деп есептесек,  онда 100 миллионнан аса қаржы жылына тиімсіз пайдаланып отыр», – деді облыстық Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс -қимыл департаменті басшысының бірінші орынбасары Равиль Төлебаев.  

Бүгінгі таңда мұнай газ саласы, экономикалық бағыт пен құқықтану негіздері мамандықтарын бітірген жастар жұмысқа тіпті орналаспайды деуге болады.  Ал,  бітірушілердің 50 пайызы жұмыс таппаса,  мамандыққа лицензия берілмеу қаупі де бар екен. Антикор мамандарының айтуынша, сол себепті оқу орындары ақпаратты еселеп беруге мәжбүр. Дегенмен бүгінгі таңда ол әдіс те көмектесіп жатпаған сыңайлы.

«Экономикалық нарықта сұраныстың жоқ болуына байланысты, лицензиялар қайтарылуда. Бүгінгі күнде сұраныс болмағандықтан, мүлдем тоқтатылды. Құқықтану негізі деген мамандықтар бойынша мемлекеттік тапсырыс бөлінбейді. Жұмысшы мамандықтарына басымдық берілген. Жалпы, бөлінген мамандықтар ішінде, ауыл шаруашылығы, технологиялық химия шаруашылығына, медицина саласына көптеп жұмысшы мамандықтарына бөлінген», – деді Облыстық білім басқармасы басшысының орынбасары Жәмила Бекбатырова.

2017-2019 жылдары  облыстағы колледждерде 12 мыңға жуық студент мемлекеттік  грант есебінен мамандық алып шыққан. Дегенмен оның жартысына жетер жетпесіне ғана жұмыс табу бақыты бұйырған. Ал, антикор оқу орындары, жергілікті кәсіпкерлер мен жұмыспен қамту орталықтарымен тікелей жұмыс жасауы керек дейді. Ондағы керек қызметкердің қатарын қарап, мамандық тізімдерін де соған байланысты өзгерту керек дейді. Десе де жұмыс орындары болмай, жұмыстың да болмайтынын естен шығармаған жөн.

Мерей Бает, Мейіржан Ерболатов, «Алматы» арнасы, Тараздан


Новости партнеров