«Қалада отырып, ауылдың күйін кештік». Алматының Наурызбай ауданында орналасқан элиталы қалашықтардың бірінде тұрғындар байланыс пен интернеттің жоқтығына шағымданды. Жұрт интернетке иек артқан заманда бейқам отырып қашықтан жұмыс істеу де, сабақ оқып, білім алу да мұнда мүмкін емес дейді. Жағдайдың мән-жайын Almaty.tv тілшісі Назкен Еркін біліп қайтты.
Наурызбай ауданына қарасты «Қарағайлы» ықшам ауданында орналасқан ««Adem Village»» қалашығы қолданысқа берілгеніне екі жылдан асқан.
Қала болса да шалғайдағы ауылдың күйін кештік деген халық қалашықта байланыс бір жерде ұстаса, енді бір жерде желі мүлдем жоқ болып кетеді дейді. Ең өкініштісі мұның зардабын онлайн оқуға көшкен балалар тартып отыр деп базына айтты тұрғындар.
«5 балам бар. Бәрі интернетпен оқиды. Екеуміз де интернетпен жұмыс істейміз. Интернет мүлде жоқ. Телефон ұстамайды. Балалардың сабағы кезде бес баланы шұбыртып тауға қарай жүгіреміз, қай жерде интернет ұстайды деп жүріеміз. Бұл сұмдық емес пе? Бүгін, міне, бесеуін машинаға басып, туыстардың үйіне апардық сол жақта оқытамыз ба деп. Ешқайсысы мүлде байланыс жоқ», – деді Наурызбай ауданының тұрғыны Базаргүл Оралханқызы.
«Ұят емес пе? Қаланың ортасында тұрып осындай қиын жағдай болып жатқанда, бәріміз онлайн оқуға көшіп жатқанда біз интернетсіз отырмыз. Бұл өте-өте сын нәрсе бұл», – деді Наурызбай ауданының тұрғыны Гүлнар Қазақбаева.
Мұнда 29 тұрғын үй болса, әрқайсысында кем дегенде 2-3 мектеп жасындағы бала бар. Баласының білімін ойлаған ата-аналар бірнеше рет уай-фай роутерлерін де алған.
«Роутер барлық ақпаратты жүктеуге қуаты жетпей қалады. Сондықтан телефон арқылы оқуға тура келеді. Онда да бір айға деп алған тарифіміз демде бітіп қалады. Тағы да шығындануға тура келеді. Мұғалімдер әртүрлі платформаларда тапсырма береді. ZOOM-мен видеобайланысқа шығу қиын. Бала үшін мұның бәрі ауыр. Кейде тапсырманы кеш білгендіктен баға да қойылмай қалып жатады», – деді ата-ана Жанна Алданиязова.
«Анда жүгірем, мында жүгірем. Үйдің ішіндегі бар сеть ұстайды деген жерлердің бәріне жүгірем. Ал ол болмаған кезде мен сыртқа шығып, тіпті анау таудың төбесіне дейін шығатын жағдайлар болдаы. Біреумен хабарласқан кезде дауысы естілмейді. Қарсы жақты мен естімеймін, менің даусымды қарсы жақ есітмейді», – деді студент Мақпал Әбілқайыр.
Бұл мәселені қалашық тұрғындары былтырдан бері көтеріп келеді. Жауапты мекемелерге бірнеше рет хат та жазылған. Алайда «баяғы жартас – сол жартас». Тұрғындардың сөзінше телекоммуникацияға қосылу үшін қомақты қаржы керек-ті.
«Олардың айтуынша, ақша төленбейінше ешқандай қондырғы, кабель орнатылмайды. Былтыр «Алматытелеком» өкілдерімен сөйлескен кезде әр үй 80 мың теңге төлеуі керек деді. Мұндай соманы барлығы шығара алмайды», – деді Наурызбай ауданының тұрғыны Мақсат Бағытұлы.
Жергілікті әкімдіктегілер де бұл аумақ жеке сектор болғандықтан тапсырысты өздері беруі керек дегенді алға тартты.
«Ол «Adem Village» қалашығы жеке меншікке шығуына байланысты оның жобасы бөлек бір тараптан бөлек телекоммуникация жүйесін тарту үшін «Қазақтелеком» АҚ-ына тапсырыс өздерінің тарапынан берілуі керек», – деді Наурызбай аудандық коммуналды шаруашылық бөлімінің басшысы Өркен Қодаров.
Ал «Алматытелеком» өкілдері керекті кабельдердің жуық арада орнатылмайтынын мәлімдеді.
«Адем Вилладж» қалашығына тиісті қондырғыларды орнату үшін бізде техникалық мүмкіндік жоқ. Яғни, тұрғын үйлер салынып жатқан кезде құрылысқа жауапты компания бізден техникалық талаптарға сұраным жасап, телекоммуникация жүргізу керектігі туралы ақпар беруі тиіс еді. Сондықтан да бұл мекен 2020-2021 жылғы жоспарлы кестемізге енгізілмеген», – деді «Алматытелеком» ӨТД маркетинг қызметі бастығының міндетін атқарушы Әсел Турайысова.
Мамандар қалашықты үздіксіз желімен қамту үшін серіктес компаниялар арқылы радиокөпір орнатуды ұсынып отыр. Бірақ оның қашан жүзеге асары белгісіз.
Назкен Еркін, Мейрам Исабеков, «Алматы» арнасы