Биыл 51 мың азаматтан банкроттыққа өтініш түскен

Бұл туралы Қаржы министрлігі мемлекеттік кірістер комитетінің өкілдері мәлімдеді

Жаңалықтармен бөлісіңіз

Биыл республика бойынша 51 мың азаматтан банкроттыққа өтініш түскен. Алайда оның 4596-сы ғана мақұлданыпты. Бұған бірнеше себеп бар. Бұл туралы Қаржы министрлігі мемлекеттік кірістер комитетінің өкілдері мәлімдеді, деп хабарлайды Almaty.tv тілшісі.

Еліміздегі "Жеке тұлғалардың банкроттығы" туралы заң былтыр 3 наурыздан бастап күшіне енген. Осы уақыт аралығында 124 мыңнан астам қазақстандық құжат тапсырған. Олар– екінші дәрежелі банктерге, микроқаржы ұйымдары мен коллекторларға қарызы барлар. Бірақ басым бөлігінің өтінімі қабылданбай, кері қайтарылған. 

"Басты қателік – өтінім берерде заңды толыққанды зерттемей, қарамай, асығыс беруі. Көп себептің бірі – атында немесе ортақ иелікте, жұбайының атында мүліктің болуы, я болмас қарыз сомасының 1600 АЕК-тен асып кетуі", – деді Мемлекеттік кірістер департаментінің басқарма басшысы Айдос Бұдығұлов

Ал Алматыда "Жеке тұлғалардың банкроттығы" туралы заң қабылданғалы 10 мың 700 адам өтініш берген. Оның 1800-і ғана мақұлданса, 7400-і кері қайтарылып, тағы 822-сі департаменттің қарауында жатыр. Ал республика бойынша банкроттыққа өтініш бергендердің саны былтырға қарағанда кеміген.

"Заң қолданысқа енгенде азаматтар оны қолдану критерийлерін талдамай, барлығы бірдей өтініш бере берді. Банкроттықтың тиісті бір салдары бар. Оны азаматтар егжей-тегжейлі түсінбеген", – деді ҚР Қаржы министрлігі Мемлекеттік кірістер комитеті басқарма басшысының орынбасары Балғын Қандылда.

Айта кетейік, бұл заң күшіне енгелі елде 17 мыңнан астам адам банкрот деп танылған. Олардың 50 миллиард берешегі кешірілген.. Енді бұл азаматтар 5 жыл өтпейінше қаржы ұйымдарынан несие ала алмайды. Заңда осылай көрсетілген. Ал келесі банкроттыққа 7 жылдан кейін ғана шыға алады. Бірақ олардың қаржылық жағдайы 36 ай бақылауда болады.

Гүлмарал Изатқызы, Хангелді Ахметханов

Оқи отырыңыз: Онлайн микрокредит рәсімдеу талаптары күшейтілмек

Новости партнеров