Алматылық жас ғалымдарға пәтер кілті тапсырылды

14.04.2026 21:44

Үйлі болғандар қатарында энергетика, медицина, агроөнеркәсіп, философия саласында тың жобаларымен танылған жас мамандар бар

Алматылық жас ғалымдар қоныс тойын тойлап жатыр. Ғылым күніне орай Мемлекет басшысының қолынан пәтер кілттерін алған зерттеушілер бүгін су жаңа баспаналарына кірді. Үйлі болғандар қатарында энергетика, медицина, агроөнеркәсіп, философия саласында тың жобаларымен танылған жас мамандар бар, деп хабарлайды Almaty.tv тілшісі.

Бүгін алматылық жас ғалымдардың қуанышында шек жоқ. Жылдар бойы ізденісте жүріп, осы салаға үлес қосқан жандардың еңбегі еленді. Олар алғаш рет өз шаңырағының табалдырығын аттады. Жас зерттеушілер енді бір-біріне көрші. Бір үйдің тұрғындарына айналды. Ал пәтер кілттерін Мемлекет басшысының өзі табыстап, жылы лебізін білдіргені - қуанышты еселей түсті.

Арман Өмірзақов – ғылым жолында 15 жылдан астам уақытын сарп еткен ізденімпаз зерттеуші. Ол күнделікті зертхана мен тәжірибе алаңдарында тынымсыз ізденіс жасап, талмай еңбек етеді. Ғалым нанотехнология және отын элементтері бағытында жұмыс істейді. Әсіресе, жаңартылатын энергия көздерінен алынатын қуатты тиімді сақтайтын ванадийлі протонды батареяларды әзірлеуге ден қойған. Бұл – болашақ энергетикасының маңызды тетіктерінің бірі. Қауіпсіздігі мен экологиялық тазалығы жоғары мұндай технология ұзақ мерзімге қызмет етеді. Бұған дейін баспанасы болмаған ғалым үшін бүгінгі күн - өміріндегі жаңа белес.

«Әрине, қуанышымда шек жоқ. Толқу болды. Бұл туралы бір апта бұрын ғана білдім. Тұрмыстық мәселе шешілгенде жас ғалым өз ісіне толықтай ден қоя алады. Мемлекет тарапынан көрсетіліп жатқан мұндай қолдау бізді қанаттандырады», – деді Қ. И. Сәтбаев атындағы ҚазҰТЗУ ғылыми қызметкері Арман Өмірзақов

Марапатталғандардың қатарында аға оқытушы Мадина Құмарғазина да бар. Ол энергетикалық тиімділікті арттыру және қоршаған ортаға зиянды шығарындыларды азайту бағытында зерттеу жүргізіп келеді. Әсіресе, азот оксидтерін төмендету және жану процесін жетілдіру бойынша ғылыми жұмыстары өндірісте кеңінен қолдануға бағытталған. Ғалым бұл қолдау жас зерттеушілер үшін үлкен мотивация екенін атап өтті. Баспаналы болған ғалымдар қатарында Шырын Тіленшиева да бар. Ол – қоғамдағы бақыт деңгейін зерделеумен айналысады. Оның ғылыми еңбектерінде ел тұрғындарының өмір сапасы, әсіресе қала мен ауыл арасындағы айырмашылықтар жан-жақты қарастырылған. Қазір бұл бағыттағы зерттеулерін гранттық жобалар арқылы жалғастырып келеді.

«Шақырту университетке келген еді. Ғылым күніне орай ұйымдастырылған іс-шараға қатысу үшін келдік. Бірақ соңына дейін қандай марапат болатынын білмедім. Пәтер берілетінін естігенде қатты қуандым. Бұл – жас ғалымдар үшін үлкен қолдау. Осы ретте Мемлекет басшысына ғылымға көрсеткен құрмет үшін алғысымды білдіремін. Біз ғылым жолында әлі де талай еңбек етіп, зерттеулерімізді шыңдай береміз», – деді Ғ. Дәукеев атындағы Алматы энергетика және байланыс университетінің аға оқытушысы Мадина Құмарғазина

«Жас ғалым грант қаржыландыру аясындағы жобам барлығы субьективті әлауқат, бақыт тақырыбынп арналған. Диссертациялық жұмысымда Қазақстан халқының бақыт деңгейін, қала және ауылдық елдімекендер мысалында қарастырдым. Ең бірінші мен екі бөлмелі тегін пәтер болатынын естідім телефоннан,  Мемлекет басшысы кілтін өзі табыстағаннан кейін өте керемет сезімдеміз», –  деді Философия, саясаттану және дінтану институтының аға-ғылыми қызметкері Шырын Тіленшиева.

Енді жас зерттеушілер тұрмыстық түйткілдерге алаңдамай, бар назарын ғылымға аударып, тың жаңалықтарға жол ашуға мүмкіндік алып отыр. Жалпы, соңғы үш жылда 700-ге жуық жас ғалым баспанамен қамтылған. Бұл – тек әлеуметтік қолдау емес, елдің зияткерлік әлеуетіне салынған маңызды инвестиция.

Әйкерім Пернебек, Ернат Болатбек, Әлішер Ерғалиұлы

Оқи отырыңыз: Олжас Бектенов ірі көтерме базарлардағы делдалдардың жолын кесуді тапсырды