Бастама балаларға жаратылыстану, технология, инженерия және жасанды интеллект бағыттарын түсінікті әрі қолжетімді форматта үйретуді көздейді.
Алматыда ғылыми білім беру кеңістігін мектеп бағдарламасымен ұштастыру жұмысы басталды. Балалар ғылым музейі мен жекеменшік лицей арасында әріптестік орнап, оқушылардың теориялық білімін тәжірибе арқылы бекітуге басымдық берілмек, деп хабарлайды Аlmaty.tv тілшісі.
Бастама балаларға жаратылыстану, технология, инженерия және жасанды интеллект бағыттарын түсінікті әрі қолжетімді форматта үйретуді көздейді. Мамандардың айтуынша, мұндай ынтымақтастық оқушыны дайын ақпаратты жаттауға емес, зерттеуге, тәжірибе жасауға және өз бетінше ой қорытуға үйретеді.
«Almaty Science Center-мен мектептің арасындағы меморандумның маңызы – болашақта балалармен бірігіп сабақтарды практикалық негізде өткізу. Себебі білесіздер оқушыларды теориялық бағытта ғана оқытпаймыз, тақырыптарды практикалық негізде үйретеміз. Сол кезде музей мен мектеп арасындағы ынтымақтастық жоғары деңгейде орындалады деген ойдамыз», – деді мектеп-лицейі директорының оқу ісі жөніндегі орынбасары Бақытжан Аманжол
Алматы Балалар ғылым музейі классикалық музей түсінігінен бөлек форматта жұмыс істемек. Мұнда келушілер экспонатты сырттай бақылап қана қоймай, тәжірибе де жасай алады. Жоба халықаралық стандарттарға сай әзірленген. Мамандырдың айтуынша, музейдің білім беру бағдарламалары балалардың жас ерекшелігіне сай құрылып, ғылымға қызығушылықты ерте жастан қалыптастыруға бағытталады.
Айта кетейік, жалпы ауданы шамамен 27 мың шаршы метр нысан жыл сайын жарты миллионнан астам келушіні қабылдай алады деп күтілуде. ¤
«Музейдің ең үлкен ерекшілігі музей балаларды ғылымға баулуға, балалардың ішінде ғылымға деген құштарлықты оятуға негізделген. Соның негізінде халықаралық стандарттарға сәйкес, әртүрлі бағыттағы экспозициялар жүзеге асатын болады. Бұл тек ақпараттандыру емес, ғылым да, инновация да, технологияда да бір жерде тоғысатын және соның негізінде бала ғылым жайлы ұғым қалыптастыра алатын орталық болады», – деді Алматы балалар ғылым музейінің білім бағдарламаларын құрастырушы Жазира Жөнербек
Оқи отырыңыз: Алматыда бизнес нысандарынан шығатын зиянды қалдықтарға бақылау күшейтілді