Алматы жастары зорлық-зомбылыққа қарсы үн қатты

29.05.2026 19:55

Ашық түсті футболкалар киіп, жалаушалар ұстаған 90-нан астам белсенді студент саябаққа жиналды

Зорлық-зомбылыққа қарсы бірлескен ұран мен есірткісіз болашаққа бағытталған қадам. Алматының Панфиловшылар саябағында екі бірдей республикалық акция флешмоб форматында өтті, деп хабарлайды Аlmaty.tv  

Қалалық Полиция департаментінің бастамасымен өткен іс-шараға осы жолы «Наркостоп» жастар қозғалысы да үн қосты. Халықаралық балаларды қорғау күні қарсаңында ұйымдастырылған қос акция өскелең ұрпақтың қауіпсіздігін қамтамасыз етуді көздейді. Ашық түсті футболкалар киіп, жалаушалар ұстаған 90-нан астам белсенді студент саябаққа жиналып, қоғам дертіне айналған мәселелерге қарсы өз лозунгтарын ортаға салды. Тұрмыстық жанжалдар мен есірткінің алдын алуға бағытталған бұл іс-шаралар жас ұрпақты қауіп-қатерден қорғаудың тиімді тәсіліне айналмақ.

«Заң мен тәртіп» қағидаты аясында «Отбасындағы зорлық-зомбылықсыз Қазақстан» акциясы жыл сайын өткізіледі. Оның мақсаты – қоғамның назарын отбасындағы зорлық-зомбылық мәселелерін доғару және де бейжай қарамауға шақыру», – деді Полиция департаменті қоғамдық қауіпсіздік басқармасының бастығы Тимур Ноғайбаев.

«Алматы қаласының жастарына түсіндіру жұмыстарын жүргіземіз. Қай уақытта болсын, нашақорлыққа қарсымыз. Еліміз тыныш, халқымыз аман-есен, нашақорлықтан аулақ болсын деп жұмыс істейміз», – деді Полиция департаменті Есірткі қылмысына қарсы іс-қимыл басқармасы басшысының орынбасары Мәди Құрманжанов.

Оқи отырыңыз: Түлектерге кәсіптік бағдар: Медеу ауданында бос жұмыс орындары жәрмеңкесі өтті