Бұл – 2025 жылдан бері Қазақстанда ашылған үшінші ресми Xiaomi Store
Алматыда кезекті Xiaomi Store ашылды. Шаһардағы ең ірі ойын-сауық орталықтарының бірінде орналасқан ресми сауда нүктесі – брендтің Қазақстандағы үшінші дүкені. Оның ашылу салтанатына компания басшылығы мен қызметкерлері, блогерлер және тұтынушылар қатысты, деп хабарлайды Almaty.tv тілшісі.
Электроника тауарларын шығаратын брендтің жаңа нүктесі қаладағы ірі сауда кешенінде орналасқан. Ашылу салтанатында лента қиылып, дүкен жұмысын бастады. Бұл – 2025 жылдан бері Қазақстанда ашылған үшінші ресми Xiaomi Store. Сөрелерге тұтынушылардың тұрмысын жеңілдетуге арналған түрлі инновациялық өнімдер, флагмандық смартфондар мен ақылды құрылғылар қойылған.
«Қазақстан нарығы біз үшін өте маңызды. Сондықтан жаңа форматтағы дүкендерді ашу кезінде басымдық берілген елдердің бірі ретінде Қазақстанды, ал алғашқы қалалардың бірі ретінде Алматыны таңдадық. Алматы – дамыған әрі дүкен ашуға қолайлы шаһар. Алдағы уақытта осындай сауда нүктелерін елдің басқа да қалаларында, сондай-ақ Орталық Азия мен ТМД елдерінде ашуды жоспарлап отырмыз», – деді аймақтық директор Макс Ма.
Бөлшек сауда желісін дамытумен қатар, компания ресми электрондық сауда арналарын да дамытып келеді. Олардың қатарында mi.com сайты және Kaspi қолданбасындағы Xiaomi Official Store бар. Бұл сатып алушыларға өнімдерді өздеріне барынша ыңғайлы тәсілмен сатып алуға мүмкіндік береді.
«Мұнда өте қызықты гаджеттер көп. Ақылды робот-шаңсорғыштар, тоңазытқыштар бар. Xiaomi дүкені үнемі таңғалдырады. Күнделікті қолданып жүрген қарапайым заттардың өзі өзгеше үлгіде ұсынылған. Кейде осындай шағын ғана жаңашылдықтың өзі өмір салтыңды өзгертіп жіберуі мүмкін. Жалпы, мұнда шынымен ерекше дүниелер өте көп», – деді техноблогер Әлішер Ибраимжанов.
«Дүкеннің ашылғанына қуаныштымыз. Ішінде түрлі техника бар екен. Xiaomi-дің смартфондарымен қолданамыз, өте сапалы. Аэрогриль қазіргі техгологияға сай, шшінде тағам дайындайтын түрі бар екен», – деді қала тұрғыны Әйгерім Раева.
Бүгінде Xiaomi – смартфондар мен смарт-құрылғылар нарығындағы әлемдік көшбасшылардың бірі. Тұтынушылық электроника мен интеллектуалды өндіріс бағытында жұмыс істейтін компания түрлі гаджеттерді бірыңғай экожүйеге біріктірген. «Тұтынушымен дос болу» қағидасын ұстанған бренд сапалы әрі инновациялық өнімдерді қолжетімді бағамен ұсынуды басты мақсат етеді.
Олжас Омарбек, Мейрам Исабеков