Жүрегім қуаныштан жарылардай: Алматыда Қалдыбек Құрманәлі 60 жасын атап өтті

09.10.2026 16:06

Мерейтойлық кешке келгендер бұл күнді асыға күткен

Алматыда Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері, композитор Қалдыбек Құрманәлінің 60 жылдық мерейтойына арналған кеш өтті. Концертте қазақ ән өнерінің дамуына өлшеусіз үлес қосқан тұлғаның авторлық туындылары орындалып,  жезтаңдай әншілер өнер көрсетті, деп хабарлайды Almaty.tv тілшісі.

Алматыдағы Республика сарайы белгілі композитор, өнер саласында өзіндік қолтаңбасы бар Қалдыбек Құрманәлінің тыңдармандарына лық толды. Мерейтойлық кешке келгендер бұл күнді асыға күткен. Дені «Кірмеші жиі түсіме», «Әнші аға немесе Шәмшімен сырласу», «Шәй ішіп кетсең қайтеді» сынды танымал әндерін сүйіп тыңдайтынын айттты.

«Концерт болады дегелі билет алып, дайындалдық. Жақсы көремін, Шәмшінің барлық концерттін ұйымдастырады», – деді қала тұрғыны Салтанат Мәмбетниязова.

«Қалдыбек Құрманәлі – композитор әрі ақын. Бүгін  60 жылдық мерейтойына арналаған ән-кешіне келіп отырмын. Асыға күттік, көңіл-күйім өте тамаша!» – деді қала тұрғыны Гүлмира Қаршалин.

Мерейтойлық кешке Мақпал Жүнісова, Тұңғышбай Жаманқұлов, Сәкен Жақсылықұлы, Жұбаныш Жексенұлы, Жеңіс Ысқақова сияқты жезтаңдай әншілер қатысып, композитордың 30-ға жуық әні орындалды. Қалдыбек Құрманәліні әріптестері тек сазгер емес, өнер адамдарының басын қосып, ұйытқы болып жүрген азамат ретінде бағалайтынын айтты.

«Басқа әндеріне тоқталмай ақ қояйын. Мен орындап жүрген «Ән аға - Шәмші аға» Қалдыбек бауырымның Ибрагим Иса ағамыз сөзін жазылған әні.  Бұл – Шәмші ағамызға әннен тұрғызылған ескерткіш. Өлмейтін ескерткіш. Мен Қалдыбекті осы үшін ғана сыйлаймын. Оның қуанышы – біздің қуанышымыз. Оның жеңісі – біздің жеңіс. Бауырымды, досымды тағы да құттықтаймын!» – деді әнші, композитор Сәкен Қалымов.

 «Кешегі Шәмшілердің көзін көрген, Мұхтар ағалардың қасында іні болып жүрген, көргені-түйгені мол үлкен асыл азамат. Қариялардың ізін басып келе жатқан ағамыз. Осы уақытқа дейін шығармашылығында өнер азаматтарының сахнаға шығуына, жиналып тұруына септігін тигізген сазгер ғана емес, жақсылықтың ортасына ұйытқы болып жүрген тұлғалы азамат», – деді әнші, ҚР еңбек сіңірген қайраткері Досымжан Таңатаров.

Кеш барысында Қалдыбек Құрманәлінің өзі де көрермен алдына шығып, ыстық лебізін білдірді. Бұған дейін Шымкент қаласында концерт берген ол өмірі мен өнеріндегі шуақты сәттері өткен шаһарда мерейтойлық кешін өткізгеніне қуанышты екенін жеткізді.

«Халық сені қошеметтеп, кешіңе келіп жатса, зал толы болса, қалай қуанбайсың?! Жаралы жүрегім қуаныштан жарылардай қуанып тұрмын. Алматы – мен үшін қимас, керемет қала. Шуақты күндерім өткен қала ретінде есімде қалады. Бүгінгі кешімде 30-ға жуық ән орындалады. Мен көп ән жазған жоқпын, барыммен халық құрметтейді. Соған ризамын!» – деді композитор, ҚР еңбек сіңірген қайраткері Қалдыбек Құрманәлі.

Айта кетейік, Қалдыбек Құрманәлінің шығармашылығы қазақ музыкасының алтын қорына енген. Шәмші Қалдаяқовтың шығармашылық, ғұмырлық жолын насихаттаудағы атқарып жүрген еңбегі де өз алдына бір төбе.

Диана Тұрлыбек, Әлішер Ерғалиұлы

Оқи отырыңыз: Алматыда мәнерлеп сырғанаудан Денис Тен мемориалы өтіп жатыр

Толық көрсету