Бұл жолы 3447 мандатқа жаңа өкілдер сайланбақ
Елімізде 29 қараша күні барлық деңгейдегі мәслихат депутаттарының кезектен тыс сайлауы өтеді. Бұл жолы 3447 мандатқа жаңа өкілдер сайланбақ, деп хабарлайды Almaty.tv тілшісі.
Мәслихат - белгілі бір аумақ тұрғындарының мүддесін білдіретін жергілікті өкілді орган. Ол облыс, қала немесе аудан көлеміндегі мәселелерді қарайды, шешім қабылдайды және жергілікті атқарушы органдардың жұмысын бақылайды. Халық қалаулылары сол аумақ тұрғындарының мүддесін арқалап, шешімдерді талқылап, жергілікті бюджетті бекітетін маңызды саяси институт. Алдағы сайлауға үміткерлер бүгіннен бастап өтінім бере алады. Осыған орай Алматы қаласының аумақтық сайлау комиссиясы науқанды өткізудің күнтізбелік жоспарын бекітіп, ұйымдастыру жұмыстарын пысықтады. Жоспарға сәйкес, кандидаттарды тіркеу 27 қазан сағат 18:00-де аяқталады.
«Қазақстан Республикасы Конституциялық заңының 103-бабына сәйкес, мәслихатдепутаттығына кандидаттарды партиялық тізім бойынша ұсыну құқығы тек саяси партияларға тиесілі. Партиялық тізімді ұсыну Алматы қаласының аумақтық сайлау комиссиясы арқылы жүзеге асырылады. Сонымен қатар кандидаттар бір мандаттық аумақтық сайлау округтері бойынша да ұсынылуы мүмкін. Алматы қаласында 21 сайлау округі бар», — деді аумақтық сайлау комиссиясының төрағасы Айгүл Қалықова.
Елімізде мәслихат депутаттары бес жылға сайланады. Бұл жолғы кезектен тыс сайлау 29 қарашаға белгіленді. Орталық сайлау комиссиясының мәліметінше, ел бойынша 228 мәслихаттағы 3447 депутаттық мандатқа үміткерлер бәсекеге түседі. Оның ішінде 668 орын — облыстық, 626-сы — қалалық, 2153 мандат аудандық мәслихаттарға тиесілі. Сайлауды аралас жүйемен өткізу тәртібі сақталды
«Биыл үлкен саяси модернизациялық жыл ретінде есте қалайын деп тұр. Егерде Құрылтайдікі сияқты ауысып кететіндей жағдай болатын болса бұл процесстің демократиялық процесске кері әсер етеді, өйтетін себебі халықтың бәрі ашық түрде ешқандай жасырын емес, нақты проблемаларды көзбен көріп отыр, сондықтан тікелей араласатын болғандықтан аралас жүйенің қалғаны дұрыс», — деді саясаттану ғылымдарының докторы Жомарт Симтиков.
Мәслихат депутаты болу үшін саяси партияның мүшесі болу шарт емес. Бір мандаттық округ бойынша үміткер қоғамдық бірлестік арқылы немесе өзін-өзі ұсыну тәртібімен де сайлауға қатыса алады. Негізгі талаптарға көз жүгіртейік: Халық қалаулысы міндетті түрде Қазақстан Республикасының азаматы болу керек, 20 жасқа толуы шарт, заңда көрсетілген сайлануға кедергі келтіретін мән-жайлар болмауы керек. Сондай-ақ сыбайлас жемқорлық қылмысы не құқық бұзушылығы бойынша кінәлі деп танылған азаматтар сайлана алмайды.
Алматы қаласында бір мандаттық 21 сайлау округі бар. Демек, партиялық тізіммен қатар, қала тұрғындары өз округінен ұсынылған кандидаттарды да таңдайды. Бұл жүйенің ерекшелігі - сайлаушының таңдауында партияның бағдарламасы да, нақты адамның жеке жауапкершілігі де ескеріледі.
Әйкерім Пернебек, Мейрам Исабеков
Оқи отырыңыз: Бюджет тапшылығын қалай азайтамыз - Олжас Бектенов маңызды өзгерістерді атады