Кездесуде автор еңбектің негізгі тұжырымдарын таныстырып, әріптестерімен пікір алмасты
Алматыдағы Кардиология және ішкі аурулар ғылыми-зерттеу институтында «Ревматология» монографиясының екінші томы таныстырылды. Еңбектің авторы – медицина ғылымдарының докторы, еліміздің бас ревматологы Ғалымжан Тоғызбаев, деп хабарлайды Almaty.tv.
Басылымда жүйелі қызыл жегі, васкулиттер мен псориатикалық артритті анықтау және емдеудің заманауи тәсілдері қамтылған. Дәлелді медицина қағидаттарына сүйеніп жазылған кітап ревматологтар мен терапевтерге, сондай-ақ осы ауруларды емдеуге қатысатын өзге де мамандарға арналған екен.
«Жүйелі қызыл жегі – өте ауыр ауру. Көбіне жас қыз-келіншектер ауырады. Ерте инвалидтікке ұшырайды. Диагнозды анықтау оңай емес. Сол жағдайға жеткізбеу үшін кітапта диагнозды қалай ерте анықтау керек екені жазылған», – деді кітап авторы, медицина ғылымдарының докторы Ғалымжан Тоғызбаев.
Кездесуде автор еңбектің негізгі тұжырымдарын таныстырып, әріптестерімен пікір алмасты. Жиында басылымның жас дәрігерлер үшін маңыздылығы да айтылды. Институт басшысы Рүстем Төлеутаевтың айтуынша, мұндай еңбектер жинақталған клиникалық тәжірибені кейінгі буынға жеткізуге мүмкіндік береді. Жас мамандар кітап арқылы білімін толықтырып, ауруды анықтау мен емдеудің заманауи тәсілдерін меңгере алады. Ғылыми еңбек медициналық жоғары оқу орындарының оқытушылары үшін де пайдалы болмақ.
«Тек дәрігер емес, студенттерге және орта медперсоналдарға да тиімді деп санаймын. Себебі ревматология жағынан өте көп сұрақтар көтерілген. Оның баяндамасы қысқа түрде, түсінікті тілде қосымша иллюстрациялар қосылған. Өте ыңғайлы кітап», – деді институт басшысы Рүстем Төлеутаев.
Оқи отырыңыз: Алматыда балабақша тәрбиеленушілерін оқытудың озық әдістері таныстырылды