Қазақстанда 3G желісінен толық бас тарту жоспарланып отыр
Қазақстанда 3G желісінің дәуірі аяқталуға жақын, деп хабарлайды Almaty.tv.
2027 жылдың соңына дейін бұл технологиядан толық бас тартып, оның орнына 4G мен 5G желілерін дамыту жоспарланып отыр. Жасанды интеллект және цифрлық даму министрі Жаслан Мәдиевтің айтуынша, 4G желісі 5 мыңнан астам ауылды, ал 5G технологиясы 70 қала мен 300 ауылды қамтуы тиіс. Нәтижесінде елді мекендердің интернетке қолжетімділігі артады. Үкімет телекоммуникация саласын қалай дамытып жатыр? Байланыс сапасына қатысты қандай мәселелер бар?
Қазақстан интернет жылдамдығы бойынша Жапониядан асып түсетін күн алыс емес сияқты. Өйткені министр Жаслан Мәдиев 3G желісінен бас тартып, оның орнына 4G мен 5G технологияларын қарқынды енгізуді жоспарлап отыр.
«3G базалық станцияларын жаңартып, 4G-ге көшіріп жатырмыз. Қалалар мен ауылдарда 5G желісін де кеңейтіп келеміз. 2027 жылдың соңына дейін 3G-ден толық бас тарту жоспарлануда. Сол уақытқа қарай 4G желісі 5 291 ауылды, ал 5G желісі 70 қала мен 300 ауылды қамтуы тиіс», – деді ҚР Жасанды интеллект және цифрлық даму министрі Жаслан Мәдиев.
Министрдің сөзінше, соңғы екі жылда елде мобильді интернеттің жылдамдығы айтарлықтай артқан. Бұрын секундына 73,6 мегабит болса, қазір 93,4 мегабитке жеткен. Дегенмен интернет желісі кеңейгенімен, шешімін күткен мәселе аз емес. Мәселен, 2024–2025 жылдары байланыс сапасы нашар мыңнан астам аумақ анықталған. Оның 213-інде мәселе әлі күнге дейін шешілмеген. Ал республикалық және облыстық маңызы бар 40 мың шақырым жолды мобильді интернетпен қамту жұмыстары да баяу жүріп жатыр.
«Антенна орнатылатын 500-ден астам мұнара салу қажет. Әзірге құрылыс баяу жүріп жатыр. Жобаның инвесторы «Транстелеком» құрылысты жеделдетіп, нысандарды 2027 жылдың соңына дейін пайдалануға беруі тиіс», – деді Жаслан Мәдиев.
Байланыс желілерінің жиі зақымдануы да интернет сапасына кері әсерін тигізіп отыр. «Қазақтелеком» басшысының айтуынша, биылғы 10 айда бөгде ұйымдар компания кабельдерін 459 рет бүлдірген. Салдарынан байланыс жұмысы 80 күнге тоқтап, операторға айтарлықтай шығын келген. Ал мұндай жағдайда салынатын айыппұлдың ең жоғары мөлшері – 519 мың теңге. Сондықтан Бағдат Мусин байланыс желілерін зақымдағандарға жауапкершілікті күшейту қажет деп санайды.
«Биыл Жетісу облысында жеке компания жер қазу жұмыстарын жүргізу кезінде экскаватормен біздің магистральдық кабельді зақымдаған. Соның салдарынан 15 мыңнан астам абонент зардап шекті. Апаттың әсері облыс аумағымен шектелмей, Семей мен Павлодарда да интернет-трафиктің төмендегені тіркелді. Байланысты қалпына келтіруге төрт сағаттан астам уақыт кетті. Яғни бір ғана кабельдің зақымдануы еліміздің бірнеше өңіріндегі байланыс жұмысына кері әсер етуі мүмкін», – деді «Қазақтелеком» АҚ басқарма төрағасы Бағдат Мусин.
Ауыл-аймаққа интернет жеткізу жеткіліксіз. Ең бастысы – тұрғындар оны кедергісіз пайдалана алуы керек. Премьер-министрдің айтуынша, магистральдық желілер тартылғанымен, кейбір ауылдарға интернет әлі жетпеген. Бұған қоса, ірі елді мекендер мен тасжолдардағы байланыстың тұрақсыздығына қатысты шағымдар да бар. Осыған байланысты Олжас Бектенов жауапты ведомствоға нақты тапсырма берді.
«Проблемалық учаскелерді азаматтардың шағымдарынан кейін ғана емес, жүйелі түрде анықтап отыру қажет. Бүкіл ел аумағындағы байланыстың сапасы мен тұрақтылығы бойынша нақты ахуалды айқындау керек. Жасанды интеллект министрлігі әкімдіктермен және операторлармен бірлесіп, бір ай мерзімде байланыс сапасы нашар аумақтардың картасын қайта қарап, кемшіліктерді жоюдың нақты мерзімдерін белгілесін», – деді ҚР Премьер-министрі Олжас Бектенов.
5G желісін дамыту Үкімет назарында. Алайда мақсат тек интернет жылдамдығын арттыру емес. Жаңа технология өндіріс орындары мен көлік саласында кеңінен қолданылып, нақты экономикалық нәтиже беруі тиіс. Бұған қоса, Премьер-министр жауаптылардың алдына кибершабуылдардан қорғану, байланыс желілерінің қауіпсіздігі мен тұрақтылығын қамтамасыз ету міндетін қойды.
Аршат Әділжанқызы, Данияр Омар, Әлихан Өтеген. Алматы телеарнасы. Астанадан.