Маңғыстаулықтар шомылатын аумаққа айлақ салуға наразы

05.11.2024 15:01

Әкімдік өкілдері тұрғындардың өтінішін қанағаттындыру мақсатында барлық құжаттарды жинап, тексеріске жібермек

Маңғыстаудың Аташ елдімекеніндегі теңіз жағалауы таласқа түсті. Көпшілік жазда шомылатын аумаққа кәсіпкер айлақ салуды көздейді, деп хабарлайды Almaty.tv тілшісі.

Аташ елдімекеніндегі жағажайды ауылдағы жұрт тазартып, шомылуға келгендер үшін барлық жағдайды өз қаражаты есебінен жасап қойған. Теңіз жағалауында тегін демалу үшін жергілікті әкімдік бекітіп берген құжаттары да бар. Бірақ арада бірнеше жыл өткен соң жағажайдың жеке кәсіпкердің меншігінде екені белгілі болған.

"Ұзындығы 350, ал ені 5 метр жер тіліміне мемлекеттік акт шыққан.  Ол үкіметтің балансында тұр. Балалар үшін жөндеу жұмыстарын қолға алдық. Ойын алаңы, демалатын орын бар", – деді облыс тұрғыны Қуанбек Бозан.

"Бұл жерге "база салынады" деп естідік. Оның қажеті жоқ, жан-жағымыздың бәрі база. Жұмыс жасап жатқан адам жоқ, халыққа ешқандай пайдасы тиіп жатқан жоқ. Жерді халықтың игілігіне алып беруіңізді сұраймын", – деді облыс тұрғыны Аманғали Ақбаев.

Жағалау 2006 жылдан бері жекенің меншігіне өткен. Оны әкімдіктегілер де растап отыр. Бірақ 2020 жылы Баутино ауылы әкімінің шешіміне сәйкес, Аташтағы теңіз жағалауы тұрғындарға арналған демалыс орны болып құжат жүзінде рәсімделіп, бекітілген.

"Мемлекеттік қызмет түрі бойынша олардан өтініш түскен жоқ. Қазіргі таңда тұрғындардың өтінішін қанағаттындыру мақсатында аталған жер учаскесіне байланысты құжаттар жинақталып, мемлекеттік жер инспекциясына толық тексеріс жүргізу үшін құжаттар жолданатын болады", – деді Түпқараған ауданы әкімінің орынбасары Саламат Елжанов.

Ал жеке кәсіпкер әкімдіктің аталмыш жағалауда шомылуға рұқсат бергенін түсінбей дал. Себебі тәуелсіз сарапшылар жасаған зертхана қорытындысы бойынша «теңіз жағалауының суы да, құмы да адам демалуға жарамсыз» деп көрсетілген. Өйткені жағажайдың екі жағында кемелер тұрақтайтын айлақ пен оларға жөндеу жұмыстарын жүргізетін мекемелер орналасқан.

"Жағажайды демалыс орны ретінде пайдалануға болмайды. Өйткені тәуелсіз эколог мамандарының зерттеу қорытындысына сәйкес, жағажайда орналасқан екі базаның санитарлық арақашықтығы 500 метр. Сондықтан бұл жерді санитарлық талапқа сай жағажай ретінде пайдалануға болмайды", – деді компания директоры Дәурен Зәкиев.

Әкімдік өкілдері тұрғындардың өтінішін қанағаттындыру мақсатында барлық құжаттарды жинап, тексеріске жібермек. Ал кәсіпкер болса, мұндағы жұртқа теңіз жағасынан басқа демалатын орын бекітілсе, арнайы техникасымен ауылдағы ағайын орнатқан балалар алаңы мен басқа да керек-жарақты көшіріп беремін деп уәде беді.

Жасұлан Мұқан, Мұқағали Нұрдәулет, Маңғыстау облысы

Оқи отырыңыз: Талғарда жер сілкінісіне байланысты мектептерде сабақ өтпейтін болды