Алматылықтар қасиетті Қадір түнін қарсы алды - фоторепортаж

28.04.2022 05:10

Бүгінгі Қадір түніне орай қаладағы барлық мешітте рухани іс-шаралар өтіп жатыр

Almaty.tv / НУРБОЛ КЫЗЫКБАЕВ

Бүгін түндердің сұлтаны – Қадір түні. Діни сенім бойынша бұл күні сауаптар еселеніп жазылады. Әдетте ғалымдар Қадір түні Рамазан айының соңғы он күніне сәйкес келеді деп болжайды. Бүгін Алматыдағы Орталық мешітте қасиетті Қадір түнін қарсы алуға мыңнан аса алматылық жиналды, деп хабарлайды Almaty.tv.


Қадір түні жасалған ғибадат 83 жылға пара-пар деп те айтылады. Бұл түні мүмкіндігінше ұйықтамаған дұрыс дейді имамдар. 

«Тамақ жасап, есік-терезені ашып қою дұрыс емес, сенімнің негізінде пайда болған түсінік. Алланың Қасиетті кітабында Қадыр деген сүресі бар. Сол сүреде Жебрейіл періштеден бастап, көктегі барлық періштенің жер бетіне түсетіні айтылған. Қадір түні мың айдан да қайырлы деген», – деді Орталық мешіттің наиб имамы Мадияр Пірімқұлов.

Мақсат – тек ұйықтамай, ояу жүру ғана емес, дұрысы дұға-тілек жасап, ренжіткен адамдарды кешіріп, намаз оқып, садақа беру, ізгілікке ұмтылу. Қадір түні - Рамазан айының соңғы 10 күніне жасырылған. Бүгін яғни 27 сәуірден 28-іне қараған түні Қадір түні болуы ең ықтимал күн. 

Дәл осы түні жасалған ғибадаттың сауабы еселеніп жазылады. Мәселен, осы түні бір кедей адамды тамақтандырсаңыз өмір бойы сол адамды тамақтандырған болып есептеледі екен. Осы түні Құранның бір аятын оқыған адам өмір бойы Құран оқығанмен теңелетіні діни еңбектерде айтылады. 


Бүгінгі Қадір түніне орай қаладағы барлық мешітте рухани іс-шаралар өтіп жатыр.  Түнінің маңыздылығын көпшілікке түсіндіру мақсатында сұрақ-жауап байқауы ұйымдастырылып, сыйлық таратылады. 

Ал, Қадір түнінде қалай құлшылық еткен дұрыс? Төмендегі сілтемеден көре аласыздар. 

Фото: Нұрбол Қызықбай