Қажымұқандай күшті: қызылордалық полицей Нұрлан Сенбеков туралы не білеміз

24.kz
24.kz
Нұрлан Сенбековті жерлестері «бұқа көтеретін жігіт» деп таниды екен
Жаңалықтармен бөлісіңіз

Арбаны сүйреп, ауыр қапты бұйым көрмей ұршықша иіріп әкететін, батпақтан өгізді қиналмай тартып шығарған Қажымұқан. Жеті жасар бұқаны сұлатқан, жиырма жігіт жабысқан бөренені көтерген Балуан Шолақ. Қазақтың қара күш иелері туралы түрлі әңгімелерді бала кезіңізде оқып-естіген шығарсыз? Дәл сондай батыр, палуан Қызылорда облысы, Жалағаш ауданында тәртіп сақшысы, қарапайым полицей жігіт бұқаны тұрған орнынан, қара құнанды шауып жүрген жерінен арқалап кете беретін алып, деп хабарлайды Almaty.tv.

Нұрлан Сенбековті жерлестері «бұқа көтеретін жігіт» деп таниды екен. Түсірілім барысында өзінің осы ерекше қабілетін көрсетіп, күштілігін тағы бір мәрте дәлелдеп берді. Кейіпкеріміз 64 келілік гір тасын жай жаттығу үшін пайдаланып, сынған әйнектердің үстін жалаң аяқ басып шықса да селт етпейді.  

«Енді қиын болды. Қанша дегенмен, мал ғой, штанга емес, тірі жан қимылдайды. 40-ты бел алғасын да  ауырлау болды. Бірақ, күш атасын танымайды. Көтереміз ғой, қазақтың нар қасқа жігіттері осындай болу керек деп санаймын өзім. 2014 жылы екі жасар бұқа, 2015 жылы 2 жасқа қараған құнанды көтерген болатынмын», – деді Мәдениет ауылының учаскелік полиция инспекторы Нұрлан Сенбеков.

Спорттың арқасында Нұрлан Сенбеков қызметте де біршама жетістіктерге қол жеткізген. Мәселен, 2014 жылы «Үздік сақшы» номинациясын иеленсе, гір тасын көтеру мен қол күрестен бірнеше дүркін облыс чемпионы атанған.

«Қазақстан полициясы мықты, күш-жігерлі болуы керек. Бала күнімнен спортпен айналысып келемін. Қызмет бабыма байланысты аптасына 2-3 рет спортпен айналысып, спорт залда шұғылданып тұрамын. Қырағылық танытып, қылмыскерлермен бетпе-бе кездескенде қоян-қолтық тәсілін қолданамын», – деді Мәдениет ауылының учаскелік полиция инспекторы Нұрлан Сенбеков.

Қызылорда облысының екі мыңнан аса халқы бар Мәдениет ауылындағы қылмыс пен құқық бұзушылықтың алдын алып, тыныштығын қорғау – аға инспектор Нұрлан Сенбековке жүктелген жауапты міндет. Өзіне бекітілген аймақтың ой-шұңқыры мен сай-саласын жазбай таниды екен.  



Новости партнеров