Егер заң бұзушылық анықталса, әкімшілік жауапкершілік қарастырылған
Алматы қаласы Кәсіпкерлік және инвестициялар басқармасының бөлім басшысы Дамир Тазабек азық-түлік бағасының бақылауда екенін айтты, деп хабарлайды Almaty.tv.
Мамандар қаладағы әлеуметтік маңызы бар тауарлардың құнын күнделікті қадағалаймыз дейді. Айтуынша, сөредегі заттың бағасы мөлшерден асса, заң бұзушыға қомақты айыппұл төлеуге тура келеді. Басқарма қызметкерлері мегаполисте тауарлардың құны қол жетімді деп сендірді.
«Үкімет тоғыз тауар түрін белгілеген. Солардың бағасы белгіленген мөлшерден аспауы керек. Қазір арнайы жұмыс тобы құрылған. Оның құрамына прокуратура қызметкерлері, аудандық әкімдік пен полиция қызметкерлері кіреді. Аталған топ қаладағы сауда орындарына барып, бағаның шарықтап кетпеуін қадағалайды. Егер заң бұзушылық анықталса, әкімшілік жауапкершілік қарастырылған. Кінәлі адам 100 айлық есептік көрсеткіш көлемінде айыппұл төлейді», – деді Алматы қаласы Кәсіпкерлік және инвестициялар басқармасының бөлім басшысы Дамир ТАЗАБЕК.
Маманның айтуынша, ұнның бірінші сорты, нан, макаронның бір түрі, күріш, сиыр еті, жұмыртқаның бірінші санаты, күнбағыс майы, тұз және қарақұмықтың құны үкімет қойған бағадан аспауы қажет. Өз кезегінде мемлекет кәсіпкерлердің де жағдайын қарастырып қойған. Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың жақында халыққа жасаған мәлімдемесінде бизнеске көңіл бөлу керектігін айтқан. Оларды салықтан біраз уақытқа босатуды тапсырды. Алматы қаласы мемлекеттік кірістер департаментінің мамандары мұндай шешім дер кезінде қабылданғанын жеткізіп, салықтық рақымшылық нақты кімдерге арналғанын айтып берді.
«Төтенже жағдай кезінде қонақ үй, қоғамдық тамақтану, туристік салалары ақсаңдап қалды. Сондықтан, олар осы жылдың соңына дейін салықтан босатылды. Ал, әлеуметтік маңызы бар тауарлармен айналыстаын кәсіпкерлер бұрын 12 пайыз салық төлесе, қазір ол 8-ге қысқартылды», – деді Алматы қаласы Мемлекеттік кірістер департаменті басшысының орынбасары Орынгүл ҚАЗИЕВА.
Маманның сөзінше, әуелде айтқан рақымшылық аясында жеке кәсіпкерлер мен заңды тұлғалар декларациясын уақытында өткізе алмаса, оны электронды түрде сәуір айының соңына дейін жасаса болады. Кәсіпкерлерге жасалып жатқан жеңілдіктер, тауардың құнын шарықтатпауға арналған шаралар екенін түсінуіміз керек. Арна тілшілері Алматыдағы бірнеше сауда орындарына барып, сөредегі заттардың бағасын өз көзімізбен көрген едік. Дүкендерде тауар жетіспеушілігі байқалмайды. Баға да баяғыдай. Бұл – атқарылып жатқан кешенді жұмыстардың нәтижесі.
Өмір Әнуарбек, Дияс Махамбетов, Мейрам Исабеков, «Алматы» арнасы