Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев Қазақстан халқына үндеу жариялады

Фото: Ақорда
Фото: Ақорда
Жаңалықтармен бөлісіңіз

Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев Қазақстан халқына үндеу жариялады, деп хабарлайды Almaty.tv тілшісі.

Қымбатты Отандастар!

Еліміздегі ахуал өте күрделі.

Менің осыған дейін жасаған бірнеше үндеуіме қарамастан өздерін «ереуілшілер» деп атайтын адамдар тобы қасақана түрде жағдайды ушықтырып отыр. Еліміздің тең жартысына жуығында қақтығыстар орын алуда. Әсіресе, Алматыдағы ахуал өте күрделі.

Біздің сүйікті қаламызда құқық қорғау қызметкерлеріне жаппай шабуыл жасалып жатыр. Олардың арасында қаза тапқандар мен жараланғандар бар. Бұзақы топтар әскери қызметшілерді ұрып-соғып, көшеге жалаңаш шығарып, мазаққа айналдыруда. Әйелдерді зорлап, дүкендерді тонап жатыр.

Бұл жағдай Алматының барлық тұрғынына қауіп төндіріп отыр. Бұған төзуге болмайды. Алматыдан басқа кейбір облыс орталықтарында да жағдай ушығып тұр. Осыған байланысты бірқатар өңірде Төтенше жағдай енгіздім. Бұл – қажетті шара.

Президент ретінде, мен, азаматтарымыздың қауіпсіздігі мен тыныштығын қорғауға, Қазақстанның тұтастығына алаңдауға міндеттімін. Менің қабылдаған шараларым көп ұлтты Қазақстанның игілігіне бағытталған. Алайда бұл шаралар жеткіліксіз болып тұр.

Бұзақы топтардың әрекеттері жоғары деңгейде ұйымдастырылғанын көріп отырмыз. Бұл қаржыландырылған бүлікшілердің жан-жақты ойластырылған жоспары екенін дәлелдейді. Бұл – қаскөйлердің қитұрқы әрекеті.

Сондықтан Мемлекет басшысы және бүгіннен бастап Қауіпсіздік Кеңесінің Төрағасы ретінде барынша қатаң әрекет етемін. Бұл – өмірін қорғап қалуға өтініш білдірген көптеген азаматымыздың қауіпсіздігіне қатысты мәселе.

Бұл – мемлекетіміздің қауіпсіздігіне тікелей қатысты. Халық мені қолдайтынына сенімдімін. Қандай жағдай болса да мен елордада боламын. Халықпен бірге болу – менің Конституциялық міндетім.

Біз жұмыла отырып, Қазақстан тарихындағы осы сын сағатты бірге еңсереміз. Бұдан шыңдалып шығамыз. Жуырда Қазақстанды саяси трансформациялау жөніндегі жаңа ұсыныстарымды жариялаймын. Мен дәйекті реформаларды бұрынғыдай жалғастыра беремін.

Құқық қорғау органдары мен әскери қызметшілерге ерекше алғыс білдіремін. Олар қарулы топтардың соққысына кеудесін тосты. Өкінішке қарай қаза тапқандар да бар. Мерт болған азаматтардың отбасыларының қайғысына ортақтасып, көңіл айтамын.

Құрметті достар!

Баршаңызға шын жүректен аманшылық тілеймін.

Халқымыз құбылмалы кезеңге тап болды.

Дана халқымыз қиыншылықтардың бәрін міндетті түрде еңсереді. Мен бұған кәміл сенемін.

Бірге болайық!


Новости партнеров