Bek Air әуе компаниясының ұшақтары қайтадан ұша бастады

11.01.2020 в 05:48

Ел арасында осындай хабарламалар тарап жатыр

Яғни, компания нөміріне хабарласқандар Алматы - Ақтау, - Атырау, - Ақтөбе бағыттарына рейстердің ашылғаны туралы айтуда, деп хабарлайды Almaty.tv тілшісі.

Рас-өтірігін білу үшін біз де хабарласып көрген едік. Шынымен автожауап беру құралынан жаңа бағыттар туралы мәлімет алдық. Алайда телефон тұтқасын ешкім көтермеді.

"Құрметті ханымдар мен мырзалар! Bek Air әуе компаниясы Ақтаудан Атырау мен Ақтөбеге ұшу сапарларының ашылғанын хабарлайды. Ұшу сапарлары аптасына 4 рет орындалады. Ұшу кестелері туралы толығырақ bekair.aero сайтынан таба аласыз",- делінген.

Естеріңізге сала кетейін, Fokker-100 ұшағының апатынан кейін  индустрия және инфрақұрылымдық даму министрлігі Bek Air әуе компаниясының барлық рейстеріне тиым салған болатын. Алайда, автожауаптың неге бұлай болғаны түсініксіз. Әуе компаниясы министрліктің заңын ескермеді ме, әлде құрылғыдан дыбысты өзгертуді ұмыт қалдырды ма? Біз бұл тақырыпты алдағы уақытта зерттейтін боламыз.