Елімізде жыл сайын отбасы күні қыркүйек айының екінші жексенбісі тойланады
Алдағы демалыс, яғни 13 қыркүйек «Отбасы күні». Осыған орай Алматыда «Менің отбасым – менің байлығым!» атты мерекелік байқау өтті. 17 ана мен 30 бала қатысқан бұл шараға «Жансая» дағдарыс орталығының қызметкерлері мен әйелдерді зорлық-зомбылықтан қорғау жөніндегі полиция инспекторлары мұрындық болған. Сондай-ақ, әлеуметтік жағдайы төмен отбасының балаларына мектеп құралдары да сыйға тартылды. Толығырақ Almaty.tv тілшінің бейнематериалында.
Елімізде жыл сайын отбасы күні қыркүйек айының екінші жексенбісі тойланады. «Тұрмыстық зорлық-зомбылық құрбандарына арналған дағдарыс орталығының» қызметкерлері «Отбасы күнін» атап өтіп, ондағы тұрғындарға мерекелік көңіл-күй сыйлады.
«Отбасының қандай болу керек екені, қандай ұйымшыл болу керек екені, балаға қалай көңіл бөлу керектігі, яғни, былайынша айтқанда ана мен баланың ара-қатынасын керемет әсермен көрсетіп жатыр», – деді Мадина.
Отбасылық қиындыққа тап болған аналар мен балаларға моральдық тұрғыда қолдау көрсетіп, олардың қоғаммен қайта етене араласуына бейімдеу – басты мақсат. Бір аптаға созылға байқауда спорттық ойындардан жарыс өтіп, ақыл-ойды дамыту, өнер көрсетуден де барлығы сайысқа түсті.
Отбасы – махаббат. Отбасы – жылулық. Осындай киелі ұғымдарды жас ұрпақтың бойына дарыту мақсатында дағдарыс орталығының қызметкерлері мұндағы жанұялар арасында түрлі байқау ұйымдастыруда. Ал, мына сайыстың талабы бойынша аналары қыздарын ойыншық бөбектерді киіндіруге үйретуде. Себебі әрбір жас қыз – болашақ ана.
Жеңімпаздар сыйлықтар иеленіп, алғыс хаттармен марапатталды. Сонымен қатар, Әуезов аудандық жергілікті полиция бөлімшесінің қызметкерлерімен бірге әлеуметтік жағдайы нашар отбасының 4 баласына мектепке қажет кеңселік құралдар табыс етілді.
«Пандемияға байланысты балалардың онлайн режимде оқып жатқаны бізге қиындық туғызды. Мен жұмыссыз қалдым. Отбасымызды әйелім асырап отыр. Оның үстіне 3 балаға қажетті мектеп құралдарын алып беруге мүмкіндігіміз жоқ. Сондықтан осылай елеп жатқанына алғыс білдіреміз!» – деді көпбалалы әке Есеней Тілегенов.
Ал, дағдарыс орталығының мамандары Отбасы апталығында Алатау, Әуезов, Бостандық және Түрксіб аудандарында тұратын 6 отбасыға осындай көмек көрсетілді.
«Біздің орталықта қазіргі таңда 47 қызмет алушылар тұрып жатыр. Оның ішінде он жетісі әйел адамдар, ал отызы балалар. Балаларға педагогикалық бағытта, яғни, мектепке байланысты қандай құжаттар керек, соның бәрін қамтамасыз етеміз. Қазір мына пандемияға байланысты оқыту қашықтан болғандықтан, сол бағытта да толығымен көмек көрсетіп, әр балаға оқуға керекті ноутбукпен, планшетпен қамтамасыз етіп отырмыз», – деді «Жансая» дағдарыс орталығының әлеуметтік қызметкері Зүлфия Омарова.
Енді 25 қарашадан бастап, «Жансая» дағдарыс орталығы «Зорлық-зомбылықсыз 16 күн» халықаралық акциясын өткізуді жоспарлап отыр.
Аяулым Көлжігіт, Арсен Сандыбаев, «Алматы» арнасы