Төтеншеліктер ел бойынша өрт қауіпсіздігін бұзудың 70 мың фактісін тіркеген. Бұндай мағлұмат жаңа жылыту маусымының қарсаңында жария етілді, деп хабарлайды Almaty.tv.
Құтқарушылар бүгінге дейін 100 мың жеке үйді тексерген екен. Айтуынша, отандастарымыз қарапайым өрт қауіпсіздігі ережелерін ұстанбайды. Керек десеңіз, төсекте темекі шегіп, пеш жанып жатқан үйде балаларын жалғыз қалдырып жатады. Қайғылы оқиғалардың белең алуы да осыдан, дейді мамандар.
Римма Буральская Лесозауыт ауданда 23 жыл тұрып келеді. Айтуынша, қаланың бұл аумағында өрт деген жиі орын алады. Мәселен, көршісінің мына қорасын осы айда екі рет от шарпыған. Бірақ одан қалған күл-қоқысты жинауға көршісі асығар емес. Сондықтан өзім реттеуге мәжбүрмін дейді.
«Өзі шықпайды. Өту үшін осылай жинастырамыз. Қораның өрт қауіпсіздігі ережелеріне қайшы екенін қанша рет айттық. Тыңдамайды. Түрлі маскүнемдер жиналады. Темекі тұқылын тастап кету орын алды. Өміріміз үшін алаңдаймыз. Түнде ұйқыдан, күндіз күлкіден айырылдық», – деді қала тұрғыны Римма Буральская.
Құтқарушылардың айтуынша, өрт көбіне жеке секторда орын алып жатады. Төтенше жағдайлар, әсіресе, халықтың әлеуметтік осал топтарының үйлері мен аулаларында жиі туындайтын көрінеді. Белгілі болғаны, елімізде осындай 123 мың үй бар.
«Жылдың басынан Нұр-Сұлтан қаласы бойынша 384 өрт оқиғасы тіркелген болатын. Олардың арасында тұрғын үй секторында 200 өрт оқиғасы. Өрт оқиғаларының ең басты себептері ол пештердің дұрыс қолтанбауы. Сонымен қатар, электр қондырғыларын дұрыс қолданбау. Сонымен қатар адамдардың отпен дұрыс қолданбауы», – деді Байқоңыр ауданы төтенше жағдайлар басқармасының аға инженері Аслан Жұмабеков.
Құтқарушылардың айтуынша, тек былтырғы жылдың жылыту маусымында 5 мың өрт орын алған. Тілсіз жау 222 адамның өмірін жалмады. Осы ретте төтеншеліктер 15-тамыздан бастап өрт қауіпсіздігі айлығын бастаған. Шара аясында олар жергілікті атқарушы органдардың өкілдерімен және ішкі істер министрлігінің қызметкерлермен бірлесіп, жеке тұрғын үйлердің пештерін қарап, жадынама таратуда.
«Бүгін көрген пештерде ақаулар да табылды. Азаматтарға айтарымыз жылыту пештері мен жүйелерін, яғни пештердің түтін өтетін жолдарын 3 айда бір рет тазартып отыру керек. Күлдерінен, залалдарынан және күйелерінен. Ал енді күнделікті жанатын пештерді екі айда бір рет тексеру керек. Жағу үшін дайындалған отынды, сондай-ақ, жанғыш заттарды пештің айналасында, кемінде 50 см жерде оларды кептіріп, қалдыруға болмайды», – деді ҚР ТЖМ Бақылау басқармасының бас маманы Бауыржан Бейсемқанов.
Маман жанып жатқан пешті қараусыз қалдыруға болмайтынын тағы бір ескертті. Ал оны кәмілетке толмаған балаларға тапсыруға қатаң түрде тыйым салынған.
Салтанат Нысанбек, Нұрлан Өтеген, Ботагөз Есланқызы, «Алматы» арнасы Нұр-Сұлтан