СҚО полицейлері жергілікті тұрғыннан қолдан жасалған револьвер тапты

 СҚО полицейлері жергілікті тұрғыннан қолдан жасалған револьвер тапты
Күдіктінің айтуынша, ол қаруды осыдан 20 жыл бұрын тауып алыпты
Жаңалықтармен бөлісіңіз

Солтүстік Қазақстан облысында полицейлер бұрын істі болған тұрғыннан қолдан жасалған револьвер алды, деп хабарлайды ҚазАқпарат.

СҚО Полиция департаменті баспасөз қызметінің хабарлауынша, жедел-тергеу іс-шарасы барысында полицейлер бұрын жазасын өтеген Петропавл қаласының 38 жастағы тұрғыннан қолдан жасалған револьверді тауыпты.

Күдіктінің айтуынша, ол қаруды осыдан 20 жыл бұрын Аққайың ауданы Қиялы елді мекенінен тауып алыпты.

Сараптама қаруды наганның қосалқы бөлшектерін қолдана отырып тоқсаныншы жылдары қолдан жасалғанын растады. Калибрі 5,6 мм револьвер атуға жарамды. Күдіктіге ешқайда кетпеу жөніндегі қолхат берілді.

«Тексеріс барысында қарудың еш қылмысқа қатысы жоқтығы анықталды. Егер де күдікті акция аясында бұл револьверді өзі әкеліп тапсырғанда тіркелмеген қаруды заңсыз сақтағаны үшін қылмыстық жауапкершіліктен құтылып, сондай-ақ, 70 мың теңге шамасында сыйақы да алар еді», - дейді СҚО ПД Криминалды полиция басқармасының бастығы Петр Климов.

Мамандардың айтуынша, өңірде заңсыз сақталған екі қару табылып, 12 калибрлі 28 оқ және оны дайындауға арналған 3 келілік дәрі мен 1 келі бытыра алыныпты.

Новости партнеров