Алматыда сауатсыз жарнамалар тақтайшасы көбейген

14.01.2020 06:27

Мағынасыз аудармалар, әріптік қателер мен оңды-солды қойылған тыныс белгілер. Тіл мамандары көрнекі ақпараттардың сауатсыздығын айтып, дабыл қаққанымен, жарнамадағы қателердің түзелер түрі жоқ, деп хабарлайды Almaty.tv тілшісі.

Алматы қаласындағы көшелерде қате жазылған жарнамалардан көз аша алмайсың. Өзге тілден аударылған сөйлемдердің баламалары мемлекеттік тілге мүлдем сай келмейді. Мәселен, Сәтбаев көшесінде орналасқан мына тақтайшаға еріксіз көзің түседі. «Шоколадта өмір сүр» деген орыс тілінен тікелей аударылған сөйлемнің мағынасын бала түгіл ересек адам түсінбейді. Бұдан ары жүре беріп едік, тұрмыстық заттар сататын дүкен маңдайшасындағы қатені байқадық. Тұрмыстық деген сөзде ы әрпін ұ-мен шатастырған дүкен иесіне ескерту жасадық.

Блиц:

- Бұл қатені мойындаймыз, бір айдың ішінде қатені дұрыстап қоямыз. 

Қазақ тілінің қорлағанын көріп, шыдай алмайтын, өздерінше әрекет ететін еріктілер де бар. Солардың бірі тіл жанашыры, әлеуметтік желінің белсенді қолданушысы Дәурен Мұхамеджанов. Ол отбасымен дүкен аралап жүріп, халық көп келетін «Магнум» сауда-орнынан қазақ тілінде жазылған өрескел қатені байқайды. Көрген бойда сөредегі олқылықты суретке түсіріп, әлеуметтік желіге жүктеген. Бәрінен бұрын, Дәурен дүкен сөрелеріндегі азық-түліктердің орыс тіліндегі атауы еш қатесіз жазылады да, мемлекеттік тілдегі нұсқасы қателерге толы болғанына қынжылады.

«Ертең кешке дейін мен сіздерге уақыт берейін, қателердің барлықтарын өшіріңіздер, егер олай болмайды екен, мен сіздерді сотқа берем деп қатты айтуға тура келді. Себебі, менің қасымда бала-шағам болды. Менен сұрайды анда қандай әріп жазылып тұр деп. Ол жерде мүлде қазақ тілінде жоқ таңбалар белгіленген еді»,- деді тұтынушы Дәурен МҰХАМЕДЖАНОВ.

Әлеуметтік желідегі посттан кейін, дүкен әкімшілігі дереу әрекетке көшкен. Көкөніс атауларының қазақша нұсқасының қате екенін мойындап, тұтынушыдан арнайы кешірім де сұрапты. Арнаның түсірілім тобы дүкенге барып, қызметкерлерден сөзінің рас өтірігін тексеріп келдік. Айтқандай-ақ, барлығы дұрыс, қазақ тілінде сауатты жазылған.

Блиц:

- Жаранамаларда қазақ тілінде өте көп қате жазылады.

- 3-4 дүкеннен қате көріп, мақсат деген жазуда қ деген түсіп қалған, соны дүкен иесіне айтқан кезімде өзіме ұрсып берді

- Қалада көп қателер көбінесе Саяхат жақта, Есентай мол жақта көп кездеседі.

Қуатбек Дүйсенов - қаладағы жарнама қателіктерін жинап, арнайы ғылыми жоба жасап жатқан жас ғалым. Ол тауық сойсаң да қасапшыға сойдырт деген пікірде. Көшедегі жарнамалар тәжірибелі филологтың тексеруінен өтіп барып қолданылу керектігін айтады.

«Тілді білгенмен де оның ғылыми тілін, жарнамалық тіліне арнайы дайындық қажет, арнайы мамандану қажет болады. Сол себепті біздің қазақ жарнамасының ақсау себебі, тілді білем деп жарнама жасаймын деп ойлап, оны кәсіби деңгейде қарастырады. Кәсіби деңгейде атқаратын мамандарға жүгінбейді. Сол себепті көптеген жарнамадағы қателіктер, ауытқушылықтар, когнетивтік десананс тудыратын тіркестер пайда болады»,- деді А. Байтұрсынов атындағы тіл білім институтының ғылыми қызметкері  Қуатбек ДҮЙСЕНОВ.

Осылайша біз шаһар көшелерін кезіп, тұнып тұрған қисынсыз қате жазулардың куәсі болдық. Мемлекеттік тілге салғырт әрі немқұрайлы қарайтындарға мамандар алдағы уақытта әкімшілік жаза қолданылатынын ескертеді.

Бұдан бөлек, 2019 жылы айналымға түскен 100 теңгелік монеталардағы «жүз» деген сөздегі латын әріпіне ауысқан "ү" дыбысында қате кеткен. Мұны Ұлттық банк өкілдері мойындады. Ұлттық банк баспасөз қызметінің хабарлауынша, мұндай қате кеткен монеталар айналымдағы барлық ақшаларда емес, тек белілі бір бөлігінде ғана дейді. Сіздің қолыңыздағы 100 теңгеде қалай жазылған. Тексеріп көріңіз.

Ұлағат Арғын, Валерий Таубалдиев, «Алматы» телеарнасы

Теги: жарнама