Бүгін – Конституция күні

30.08.2022 06:30

Тәуелсіз Қазақстанның төл Ата заңының тарихы 1993 жылдан басталады

Бүгін – Конституция күні. Бұл күн елімізде мереке ретінде 1995 жылдан бері аталып өтіледі.

Жалпы, Тәуелсіз Қазақстанның төл Ата заңының тарихы 1993 жылдан басталады. Ал қазіргі қолданыстағы екінші Конституция жобасы заң саласындағы ірі тұлғалардың, интеллектуал ғалымдар мен аузы дуалы саясаткерлердің түгел қатысуымен 1995 жылы 30 тамызда қабылданған еді.

Күні бүгінге дейін Конституция 1998, 2007, 2011, 2017, 2019 және 2022 жылдары реформаға түскен екен.

1998 жылғы реформа аясында құжаттың 19 бабына өзгерістер мен толықтырулар енгізілді. Президенттің, Сенат пен Мәжіліс депутаттарының мерзімі мен өкілеттіктеріне қатысты нақтылаулар болып, мемлекеттік қызметшілерге қойылатын жоғарғы жас шегі алынып тасталды. Мәжіліс депутаттарын пропорционалды өкілдік жүйесі бойынша партиялық тізімдер негізінде сайлау тәжірибесі де осы 1998 жылғы түзетулерден кейін қолданысқа ене бастады.

2007 жылғы реформалық өзгерістердің қорытындысы бойынша, пропорционалды сайлау жүйесінің аясы кеңейіп, соның негізінде Үкімет жасақтау ісіне партиялық фракцияларды араластырудың тетігі енгізілді. Қазақстан халқы Ассамблеясы конституциялық мәртебеге ие болып, өз өкілдерін белгіленген квота санына қарай Парламент Мәжілісіне, Сенатына жібере бастады.

2011 жылғы өзгерісте Президенттің кезектен тыс сайлауын тағайындау мен өткізудің конституциялық негіздері қайта белгіленді.

2017 жылы Конституцияның 25 бабына 33 түзету енгізілді. «Қазақстан-2050» Стратегиясы, Бес институционалдық реформа ұғымдары осы реформадан кейін саяси айналымға шықты.

Ал 2019 жылы ҚР Конституциясына елорда атауын Астанадан Нұр-Сұлтанға өзгеруінге байланысты түзету енгізілді.

Ата заңымызға соңғы өзгертулер мен толықтырулар биыл 5 маусымда өткен жалпыұлттық референдум арқылы қабылданды. Нәтижесінде Конституцияның 33 бабына бірнеше ондаған өзгеріс енгізілді. Конституцияға енгізілген өзгерістер мен толықтырулар суперпрезиденттік басқару үлгісінен президенттік республикаға түбегейлі көшу; бірқатар билік өкілеттігін қайта бөлу; Парламенттің рөлін күшейтіп, мәртебесін арттыру; елді басқару ісіне халықтың қатысу мүмкіндігін кеңейту және азаматтардың құқықтарын қорғау тәсілдерін жетілдіру үдерістеріне құқықтық негіз қалыптастыруға арналған.

Дереккөз: ҚазАқпаарат