|
17.09.2020 | 02:30
13145

ЭКО үшін бөлінетін квота бірінші кезекте жасы 35-тен асқандарға беріледі

Бедеулік мәселесін Президент Қасым-Жомарт Тоқаев биылғы халыққа Жолдауында көтерді

ЭКО үшін бөлінетін квота бірінші кезекте жасы 35-тен асқандарға беріледі Almaty.tv

Келер жылдан бастап ЭКО үшін квоталар бірінші кезекте жасы 35-тен асқандарға беріледі. Бұл туралы Денсаулық сақтау министрлігі Ана мен бала басқармасының жетекшісі Шәкизат Халықова айтып отыр. Өкініштісі елімізде нақты қанша бедеу отбасы бары екені әлі күнге дейін белгісіз. Кейбір азаматтар сырқатын құпия етіп, жеке клиникаларға жүгінеді. Ал олар бойынша есеп жүргізілмейді. Келер жылдан бастап «Аңсаған сәби» бағдарламасы аясында бөлінетін 7 мың квота мәселені қаншалықты шешеді? Репродуктолог мамандар не дейді? Almaty.tv тілшісі Салтанат Нысанбек толықтырсын. 

Анар Чатанова кішкентайынан көпбалалы ана боламын деп армандаған. Алайда, бірінші баласынан кейін 17 жыл бойы сәби сүйе алмады. Бұрын отағасына жасалған сәтсіз отаның кесірінен  табиғи жолмен бала көтеру мүмкін болмады. Ал 2010 жылы елімізде денеден тыс ұрықтандыру әдісін жүргізуге мүмкіндік туғанда, отбасы бірден осы әдіске жүгінеді. Бірақ, ЭКО арқылы тек 10-ыншы реттен бала көтерген екен.    

«Жолдасым екеуіміз соңғы рет жасап көрейік деп келістік. Келіскеннен кейін Экомедке бардық. Бірінші реттен егіздер болды. Кейін ұрықтарымызды қатырып, 5 жылдан кейін қызды болдық. Қуанышымызда шек жоқ. Үміттеріңізді үзбеңіздер», – деді қала тұрғыны Анар Чатанова.

Эко үшін Анар алғаш рет 2 миллион теңге төлегенін айтады. Кейінгілері де бір миллионнан кем болмаған. Ол үшін көліктерімізді сатып, үнемі ақша жинаумен болдық дейді. Жалпы, осындай түйткілмен бетпе-бет кездескен елімізде қазір мыңдаған отбасы бар. Алайда, сәбиге зәрулердің басым бөлігі мәселесін құпия сақтағысы келіп, жеке клиникаларға жүгінеді.

«Қазіргі кезде, менің ойымша, денсаулық сақтау министрлігінің ресми мәліметі бойынша 9457 әйел  болса, ресми емес мәліметтер бойынша мемлекетімізде 20 мыңнан астам бедеулікке ұшыраған жанұялар анықталады», – деді репродуктолог Алмаз Ибрагимов.

Бедеулік мәселесін Президент Қасым-Жомарт Тоқаев биылғы халыққа Жолдауында көтерді. Мемлекет басшысы еліміздегі отбасылардың 20 пайызы баланың жоқтығынан ажырасуға бел буатынын айтқан болатын. Түйткілді шешу үшін келер жылдан бастап бақыт лимиті ұлғайтылмақ. Репродуктологтар болса денеден тыс ұрықтандыруға бөлінетін 7000 квотаның арқасында кезекті бұрынғыдай 5-6 емес, 1-2 жылда жетуге болады деген болжам жасауда.

Денсаулық сақтау министрлігі Ана мен бала басқармасының мамандары денеден тыс ұрықтандыру квотасына барлығы үмітті бола алатынын айтады. Мүмкіндігі шектеулі азаматтардың да ЭКО-ға мүмкіндігі бар. Алайда, басымдық жасы 35-тен асқандарға берілмек.

«Бағдарламаның 7 есе артуына байланысты келесі жылдан бастап есепте тұрған барлық халықты қамтуға тырысады. 25 пен 35 жас арасында сараптама жасалып, көрсеткіштері бірдей болса, біз әрине 35 жастан асқан әйелдерді бірінші жіберуге тырысамыз. Себебі олардың жас ерекшеліктерін ескеру қажет», – деді ҚР денсаулық сақтау министрлігі ана мен бала басқармасының жетекшісі Шәкизат Халықова.

Қазір Ана мен бала басқармасының басты мақсаты – бедеулік мәселесі туындаған нақты қанша жұп барын анықтау. Толық ақпарат жинап, бірыңғай реестр құруды көздейді. Ал квоталар кімге берілетінін арнайы комиссия таңғылықты талдау жасағаннан кейін шешетін болады.

Салтанат Нысанбек, Нұрлан Өтеген, Данияр Омар, Ботагөз Есланқызы, «Алматы Телеарнасы».

Біздің Telegram каналына жазылып, соңғы ақпаратты оқыңыз. Егер хабарлама жолдағыңыз келсе, WhatsApp мессенжеріне жазыңыз.
Новости партнеров
След. →
Прямой эфир