Түркістан облысында бала тәрбиесіне немқұрайлы қараған 243 қолайсыз отбасы есепке алынды, деп хабарлайды Almaty.tv тілшісі ҚазАқпаратқа сілтеме жасап.
Өңірде жыл басынан бері кәмелетке толмағандар арасындағы құқық бұзушылықтардың алдын алу мен жолын кесу мақсатында «Жасөспірім», «Түнгі қаладағы балалар», «Жасөспірім және жауапкершілік» жедел-профилактикалық іс шаралары өткізіліп келеді.
Нәтижесінде түнгі уақытта ойын-сауық орындарында жүрген 142, тұрғын үйден тыс жерде болған 3402 жасөспірім анықталып, ата-аналары мен заңды өкілдері әкімшілік жауапкершілікке тартылды.
Жасы кәмелетке толмағандардың түнгі уақытта ойын-сауық орындарында болуына жол бергені үшін 68 мекеме иесіне Әкімшілік кодекстің 132-бабымен хаттама толтырылды.
Құқық бұзушылыққа бейім 329 кәмелетке толмаған мен бала тәрбиесіне немқұрайлы қараған 243 қолайсыз отбасы есепке алынды.
- Жасөспірімдерге қарсы жасалған қылмыстар 2 пайызға төмендеді. Осы ретте ата-аналарға демалыс кезінде балаларыңыздың қайда жүргенін қадағалап, түнгі уақытта өз беттерінше үйден тыс жерлерде болуына жол бермеңіздер деп ескерткім келеді. Себебі осы уақытта балаларыңыз қылмыс жасауы немесе қылмыстың құрбаны болуы мүмкін,-деді Бағланбек Айтпаев.
Тәртіп сақшылары жазғы маусымдағы шомылу кезінде сақтық шараларын қатаң сақтауға шақырады.
- Осы бағытта полиция, төтенше жағдайлар қызметкерлері бірлесіп, үнемі түсіндіру жұмыстарын жүргізіп келеді. Егер де, тыйым салынған жерлерде шомылу деректері анықталған жағдайда, Әкімшілік кодексінің 364-бабымен жауапкершілікке тартылатын болады - деді полиция полковнигі.