Kazmedia орталығында 6 тарихи сериалдың таныстырылымы өтті

Qazaqstan телеарнасы
Qazaqstan телеарнасы
Тәуелсіздіктің 30 жылдығы қарсаңында Qazaqstan телеарнасы киносүйер қауымға ерекше сый жасамақ
Жаңалықтармен бөлісіңіз

Kazmedia орталығында Qazaqstan телеарнасы түсірген 6 тарихи сериалдың таныстырылымы өтті, деп хабарлайды Almaty.tv тілшісі.

Тәуелсіздіктің 30 жылдығы қарсаңында Qazaqstan телеарнасы киносүйер қауымға ерекше сый жасамақ.

Соның аясында «Жәңгір хан. Сарай сыры», «Ахмет. Ұлт ұстазы», «Домалақ ана», «Тәшенев. Тайталас», «Қаныш. Қазына», «Мұқағали. Бұл ғасырдан емеспін» тарихи телехикаяларының таныстырылымы өтті.

Айтулы шараға ҚР Премьер-министрінің орынбасары Ералы Тоғжанов, ҚР Ақпарат және қоғамдық даму министрі Аида Балаева, ҚР Парламентінің Сенат пен Мәжілісінің депутаттары, кино және журналистика саласының өкілдері қатысты.

Таныстырылым алдында сөз алған Үкімет басшысының орынбасары Ералы Тоғжанов тарихи сераилдардың Тәуелсіздік тойының қарсаңында көрерменге жол тартқанын еске салды.

«Біздің Ақпарат министрлігі керемет жұмыс жасады деп ойлаймын. Тәуелсіздігіміздің 30 жылдығының алдында осындай құнды дүниелерді халықтың алдына шығарып, елімізге көрсете алсақ, халықтың жүрегіне жете алсақ, үлкен жеңіс қой деп ойлаймын. Сол жолда үлкен қадам жасалды. Әр түрлі ойлар, пікірлер болуы мүмкін. Дегенмен халықтың ойы бір жерден шығатынына сенемін. Неге десеңіздер, нақты тарихи сәттерімізді шамамыз келгенше елге жеткізуге міндеттіміз. Солай болатынын менің ешқандай күмәнім жоқ. Көрермендер де өз бағасын бере жатар», – дейді Ералы Тоғжанов.

Сондай-ақ Тәуелсіздіктің 30 жылында 250-ден астам отандық сериал түсірілген. Бұл туралы ҚР Ақпарат және қоғамдық даму министрі Аида Балаева айтты.

«Тәуелсіздік кезеңінде мемлекетіміз қандай қиын жағдай болса да, өнерге, соның ішінде кино өнеріне ерекше қамқорлық танытып отырды. Естеріңізде болса, ең бірінші отандық сериал «Тоғысқан тағдырлар» деген атпен көрерменге жол тартқан еді. Осы өнімдерден леп алып, кейін талай сериалдар түсірілді. Олардың ішінде сапалысы да, сапасы төмендері де болды. Халықтың сынына ұшырағандары да бар. Отандық өнімдерді мақтаушылар да, даттаушылар да табылады. Бірақ мұның бәрі осы саланың қалыптасып, дамуына септігін тигізді. Сол жобалар арқылы өстік, тәжірибе жинадық, сапаны көтердік», дейді министр.

Ведомство басшысының сөзіне қарағанда, Тәуелсіздіктің 30 жылында қазақ кино индустриясы өз жолын тапқан.

«Кино индустриясы, соның ішінде сериалдар индустриясы жылдан-жылға қарқын алып келеді. Кейінгі 5 жылдың ішінде 3500-ден астам сериядан тұратын 250-ге жуық сериал түсірілді. Оның 50-ден астамы Түркия, Өзбекстан, Қырғызстан, Ресей мемлекеттерінде сатылды. Осыдан 10 жыл бұрын сериал дайындайтын продакшн компаниялар саусақпен санайтын едік. Қазір бұл саладағы бәсеке өте жоғары. Мысалы, биыл өткен Astana Media Week жобасына сериал жанрында қатысқысы келген 100-ден астам продакшн компаниядан өтініш түсті. Бұл саланың күнделікті дамып жатқанын көрсетеді», дейді Аида Балаева.

Дереккөзі: ҚазАқпарат.


«Қызыл жебе»  тарихи телехикаясын көріңіз! 


Новости партнеров