Кәмелетке толмаған қыз 24 қыркүйекте жоғалып кеткен
Нұр-Сұлтанда полиция бір ай бұрын із-түзсіз жоғалып кеткен 17 жастағы бойжеткенді тапты, деп хабарлайды Almaty.tv.
Кәмелетке толмаған қыз 24 қыркүйекте жоғалып кеткен. Оны іздеуге елордалық полицияның жеке құрамы тартылды, сондай-ақ іздеу ісі қозғалды.
"Іздеу шаралары барысында тәртіп сақшылары жоғалған қыз баруы мүмкін жердің бәрін тексеріп шықты. Оны соңғы рет көрген адамдардан жауап алынды. Қабылданған шаралар арқасында 17 жастағы қыз Нұр-Сұлтандағы "времянкадан" табылды. Ол бөлме жалдап тұрған. Қыз туыстарымен жанжалдасып, үйінен кетіп қалыпты. Қазір кәмелетке толмаған қыз үйде отбасымен бірге", – деп хабарлайды Нұр-Сұлтан қаласы Полиция департаментінің баспасөз қызметі.
Айта кетейік, қыз бұған дейін 11 рет үйінен қашып кеткен екен.
Полиция қызметкерлері ата-аналарға бала тәрбиесіне жауапкершілікпен қарау қажет екенін ескертті.