Ақтөбеде 24 адамды кене шақты

25.04.2024 13:23

Олардан ауру белгілері анықталмады

elements.envato.com

Ақтөбе облысында 24 адамды кене шақты. Эпизоотиялық бақылау мақсатында қазір кене жинау жұмысы жүріп жатыр, деп хабарлайды Almaty.tv тілшісі ҚазАқпаратқа сілтеме жасап.

Ақтөбеде кене шаққан 24 адам дәрігер көмегіне жүгінген. Олардан ауру белгілері анықталмады.

- Кене шаққанда туляремия, Конго-қырым қанды безгегі аурулары жұғуы мүмкін. Ақтөбе облысының аумағы Конго-қырым геморрагиялық қызбасы, бүйрек синдромды геморрагиялық қызбасы бойынша эндемиялық аймаққа жатпайды. Дегенмен Алға, Әйтеке би, Ырғыз, Қобда және Ойыл аудандарында туляремияның табиғи ошақтары бар. Барлығы 38 елдімекен осы аумақта орналасқан. Сондықтан эпозоотиялық бақылау мақсатында кене жиналып, зерттеледі. Қазіргі кезде 1100 кене жиналды. Осы аумақта өңдеу жұмысы да жүреді, - деді Ақтөбе облыстық санитариялық-эпидемиологиялық бақылау департаменті бөлімінің басшысы Туғанай Нұрғалиева.

Кене шаққан адам тұрғылықты жері бойынша тіркелген емханаға баруы тиіс. Сол кезде 21 күн бақылауда болады. Сонымен бірге кенені зертханаға тапсыру керек.

Оқи отырыңыз: Олжас Бектенов Атырауға әскери қызметшілер мен техниканы жедел жеткізуді тапсырды