Қазақстанның еңбек сіңірген әртісі Сағат Жылгелдиев өмірден озды. Бұл туралы журналист Арман Әубәкір өзінің Facebook-тегі парақшасында жазды, деп хабарлайды Almaty.tv.
"Өте қарапайым, кішіпейіл, мейірімді, соған қарамастан өте талантты, еңбекқор кісі еді. Аңқылдаған азаматтың ақ жүрегі сыртына шығып тұрушы еді. Бар кезінде бағалай алмадық, не керек.
Дәстүрлі музыка іс-шараларын ұйымдастырып жүргенімізде концерттің бас жағына шағын қойылым ұйымдастыратын едік. Режиссер Сағызбай аға мен осы Сағат ағамыздың көп пайдасы тиіп еді. Қолынан келіп тұрса, көмектесуге әр кез дайын тұратын...
Таланттарды бағалай алмайтын, қайтыс болған соң ғана зар илеп қалатынымыз қандай өкінішті…" - деп жазды Арман Әубәкір.
Сағат Ермағамбетұлы Жылгелдиев - 1954 жылдың 12 желтоқсанында Қызылорда облысы Жалағаш ауданы Аққыр ауылында туған. Қазақстанның еңбек сіңірген әртісі, Ерен еңбегі үшін медалінің иегері.
Сағат Ермағамбетұлы Қазақ драма театры жанындағы театр студиясын, Қазақ ұлттық консерваториясының актерлік бөлімін бітірген. 1977 жылдан Қазақ балалар мен жастар театры сахнасында өнер көрсетеді. Ол ойнаған Ақын (И.Сапарбаевтың "Ауылдан келген аруында"), Байжан (И.Ғайыптың "Алтын ажалында"), Абдолла (С.Балғабаевтың "Ең әдемі келіншегінде"), Қожа Ахмет Иасауи (О.Дастановтың "Әзірет Сұлтанында"), Шеге, Байдалы би, Сердәлі (Ғ.Мүсіреповтің "Қыз Жібек", "Ұлпан", "Ақан сері - Ақтоқтысында") т.б. рольдерін мамандар жақсы бағалаған.
Актердің жаназасы 17.05.2022 жылы сағат 09:00-де Мұратбаев 48 мекенжайында шығарылады.
Ал қоштасу рәсімі 17 мамырда сағат 10:00-де Ғ. Мүсірепов атындағы академиялық балалар мен жасөспірімдер театрының сахнасында өтеді.