2022-2023 жылдарға арналған тізімге ұйымға мүше мемлекеттер ұсынған 67 мерейтой кірді
ЮНЕСКО-ның 41-ші Бас конференциясының арнайы қарарымен 2022-2023 жылдарға арналған халықаралық мерейтойлар тізіміне Қазақстанның ұсынысымен Ахмет Байтұрсынұлының 150 жылдығы және Роза Бағланованың 100 жылдығы енді, деп хабарлады Almaty.tv тілшісі СІМ ресми сайтына сілтеме жасап.
Осы жиынға қатысқан Қазақстанның Франциядағы Елшісі және ЮНЕСКО жанындағы Тұрақты өкілі Жан Ғалиев Бас конференцияға қатысушыларға Қазақстан тарапының ұсыныстарын қолдағаны үшін алғыс білдірді. Сондай-ақ, мүше мемлекеттерді және Ұйым хатшылығын аталған мерейтойлар аясында елімізде және шетелде жоспарланып отырған іс-шараларға қатысуға шақырды.
Жалпы 2022-2023 жылдарға арналған тізімге Ұйымға мүше мемлекеттер ұсынған 67 мерейтой кірді.
Бұдан басқа, Бас конференция аясында жасырын дауыс беру нәтижелері бойынша Қазақстан 2021-2025 жылдар кезеңіне ЮНЕСКО-ның екі субсидиарлық органдарының, атап айтқанда, Халықаралық гидрологиялық бағдарламаның (ХГБ) және Коммуникацияны дамытудың халықаралық бағдарламасының (ХБҮК) үкіметаралық кеңестерінің құрамына сайланды.