Қазақстандағы әскери қоймалар жаппай тексеріледі

01.09.2021 в 13:51

Бұл шешім Жамбыл облысындағы жарылысқа байланысты қабылданды

Қорғаныс министрлігінде ұлттық армияның барлық объектісіндегі, бүкіл қоймасындағы оқ-дәрілердің сақталу жағдайын тексеретін арнайы комиссия құрылды. Экс-министр Нұрлан Ермекбаевтың соңғы бұйрығы осыны қарастырады. Оған сәйкес, комиссияға Қорғаныс министрлігі Бас инспекциясының бастығы, генерал-лейтенант Әмір Халықов басшылық етпек, деп жазды Almaty.tv тілшісі aikyn.kz сілтеме жасап.

Бұл шешім Жамбыл облысындағы жарылысқа байланысты қабылданды. Қорғаныс министрлігі өрт салдарын жою жұмыстарын ұйымдастырып, оқиғаның туындау себептері мен мән-жайын талдады. Қорғаныс министрлігі Арыста болған өрттен кейін мұндай оқиғаларды болдырмау үшін кешенді шаралар қабылдаған екен. Сондай-ақ Қарулы Күштерде қару-жарақ пен оқ-дәрілерді сақтау объектілерін жетілдіру бойынша кешенді жоспар жүзеге асырылып, Тәуелсіздіктің 30 жылы ішінде алғаш рет оқ-дәрілерге толық түгендеу жүргізілді және екі сақтау базасының құрылысы ұйымдастырылды.

«Қабылданған шараларға қарамастан, бірқатар тапсырманың өз деңгейінде орындалмауы Жамбыл облысындағы оқиғаның себебіне айналуы мүмкін. Оқиғаның шынайы себептері мен кінәлілерді тергеу жұмыстары анықтауы тиіс», – деп түсіндірді ведомство.

Оқ-дәрілерді сақтау объектілері режимдік екенін ескеріп, комиссия жұмысына кеңесшілер ретінде тәуелсіз және білікті сарапшыларды, оның ішінде Қарулы Күштердің ардагерлерін тарту тапсырылды.

Комиссия оқ-дәрілердің сақтау жағдайына объективті баға беріп, барлық кемшіліктерді анықтауға және оларды жою жөніндегі жұмыстарды ұйымдас¬тыруға ықпал етеді.