Белгілі жазушы, журналист Жұмабай Шаштайұлы өмірден өтті

qalamger.kz
qalamger.kz
Президент жазушының отбасы мен жақын туыстарына көңіл айту жеделхатын жолдады
Жаңалықтармен бөлісіңіз

Қазақ прозасына «Аспанқора», «Шал мен жылқы», «Құралайдың салқыны» сияқты классикалық шығармаларды сыйлаған жазушы, бірқатар басылымда бас редактор қызметін атқарған журналист Жұмабай Шаштайұлы қайтыс болды, деп хабарлайды Almaty.tv.

Президент қарымды қаламгер, публицист, Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері Жұмабай Шаштайұлының дүниеден өтуіне байланысты оның отбасы мен жақын туыстарына көңіл айтты.

– Жұмабай Шаштайұлы қазақ әдебиетіне өзіндік қолтаңбасын қалдырып, руханиятымыздың дамуына елеулі үлес қосты. Шығармалары кеңінен насихатталып, оқырман тарапынан жоғары бағаланды. Өнегелі ғұмыр кешкен Жұмабай Шаштайұлының есімі мен жарқын бейнесі халқымыздың жүрегінде мәңгі сақталады. Марқұмның иманы саламат, жаны жәннатта болсын, – деп жазылған жеделхатта. 

Жұмабай Шаштайұлы 1950 жылы Жамбыл ауданы Жамбыл ауылында дүниеге келген.

Ол «Коммунизм жолы» газетінде, 1980-87 жылдары республикалық «Лениншіл жас», «Социалистік Қазақстан» газеттерінде, 1987-90 жылдары «Жалын» журналында жұмыс істеді.

1990-92 жылдары «Қазақ тілі» қоғамы Алматы облыстық комитеті төрағасының орынбасары, 1992-96 жылдары «Жас Алаш», «Қазақ әдебиеті» газеттерінде бөлім меңгерушісі, 1996-2002 жылдары халықаралық «Заман-Қазақстан» газетінің бас редакторы болды.

2002 жылдан Қазақ радиосының бас редакторы қызметін атқарды. 2008-2017 жылдары «Қазақ әдебиеті» газетінде бас редактор болған.

«Таң нұры» атты ұжымдық жинаққа «Қияда» атты алғашқы повесі енді. 1984 жылы шыққан «Қызыл қар» атты тұңғыш жинағы сол кездегі саяси басшылық тарапынан қатал сынға ілікті. «Жала мен нала» (1987 ж), «Жыр жолбарыс» (1996 ж), «Біздің заманның Аяз биі» (1997 ж), «Жаңғырық» романы (2004 ж), таңдамалы 2 томдық жинағы (2010 ж) және «Аяз би» романы «Жазушы» баспасынан қайта басылып шыққан (2013 ж).

«Алматы» телеарнасының басшылығы мен ұжымы Жұмабай Шаштайұлының туған-туыстары мен жақындарына қайғырып көңіл айтады.

Оқи отырыңыз: Әнші Арман Қоңырдың әкесі қайтыс болды

Новости партнеров